Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі оффшорлық аймақтар тізімін жаңартты. Одан Лихтенштейн мен Делавэр штатын (АҚШ) шығарылды.
Делавэр штаты мен Лихтенштейн Князьдігі банк және сақтандыру қызметін, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың қызметін және бағалы қағаздар нарығындағы басқа да лицензияланатын қызмет түрлерін, акционерлік қоғамдардың қызметін инвестициялық қорлар және микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың қызметін жүзеге асыратын оффшорлық аймақ тізімінен шығарылды.
Бұл шешім стандарттар мен несие-қаржы институттары үшін ақшаны жылыстату тәуекелдеріне қарсы тұруға бағытталған шараларды ескере отырып қабылданған.
Бұған дейін ҚНРДА-ның Лихтенштейн мен Делавэр штатын оффшорлық тізімнен алып тастау туралы қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында талқыланған еді.
Жаңа тізімге жалпы саны 51 оффшорлық аймақ енген. 2023 жылдың желтоқсанында бұрынғы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев сыртқа шығарылған 400-500 млрд теңге тексеріліп жатқанын мәлімдеген. Депутат Бақытжан Базарбек тің айтуынша, оффшор аймақтарына жыл сайын Қазақстаннан 200 млн долларға жуық қаржы шығарылады.
Былтыр наурыз айында Қазақстаннан заңсыз шығарылған 676 млрд теңге Қытай, БАӘ мен Австрия мен Лихтенштейннен қайтарылғаны белгілі болды.
Ал Антикор 2022 жылдан бері бюджет пен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне құны 857 млрд теңге болатын дүние-мүлікті қайтартқанын хабарлады. Соның ішінде 159,8 млрд теңгесі – шетелден қайтарылған актив сомасы. Бұл сома мемлекет бюджетіне түсті. Мәселен, Австриядан 36,8 млрд, Лихтенштейннен 116,7 млрд, Біріккен Араб Әмірліктерінен 6,3 млрд, Түркиядан 253 млн теңге қайтарылған.