Чип бағасы қалпына келгеннен кейін Samsung табысы 10 есе өскен

Жарияланды
Чип бағасы қалпына келгеннен кейін Samsung табысы 10 есе өскен / shutterstock

Samsung Electronics компаниясының бірінші тоқсандағы операциялық пайдасы 10 есе өскен. Бұған бірінші кезекте чиптерге сұраныстың артуы әсер еткен.

Әлемдегі ең ірі жад чиптері мен теледидар өндірушінің бірінші тоқсандағы операциялық кірісі 6,6 трлн вонға (4,89 млрд доллар) дейін өсті. Reuters ақпаратына сүйенсек, пайда бір жыл бұрынғы 640 млрд вонмен салыстырғанда 931% өскен. Операциялық пайданы бағалау LSEG болжамды бағасынан 5,7 трлн вонға асып түскен. 

«Жаңа GALAXY s24 смартфондарына алғашқы реакция да жасанды интеллектінің арқасында оң болды. Сондықтан бұл да премиум смартфондары өндірісі мен компания пайдасына әсер етеді»,– деді Кореяның Инвесторлармен байланыс қызметінің талдаушысы Пак Сон Сун.

Компания өндіретін DRAM чиптерінің бағасы алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда шамамен 20%, ал NAND Flash чиптерінің бағасы 23-28% өскен.

Компания мобильді бизнесі қаңтар айының соңында жаңа флагмандық Galaxy s24 смартфондарының сатылымы басталғаннан кейін айтарлықтай пайда тапқан. Алғашқы тоқсанда компания 57 миллион смартфон сатқан, бұл алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 8% өсім. Ал компания смартфондарының орташа сату бағасы алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 30% өскен.

Сәуірден бастап Оңтүстік Кореяның Samsung Pay қосымшасы ресейлік банктердің «Мир» төлем жүйесіне қатысты барлық мобильді қосымшаларға тыйым салды.

Samsung Pay осы жылдың 3 сәуірінде Ресейде жұмысын тоқтатады. Осы күннен бастап Samsung Pay қолданбасында «Мир» карталарын қосу және пайдалану қол жетімді болмайды. Бұрын қосылған «Мир» карталары мобильді қолданбадан өшіріледі.

Компанияның барлық бөлімшелері Ресеймен жұмыс істеуді тоқтатты. Қазірдің өзінде Samsung Heavy Industries компаниясы «Звезда» кеме жасау компаниясымен келісімшарт жасасқан арктикалық кемелерге арналған жабдықтар өндірісін тоқтатып үлгерген. Компания өз тауарларын Ресейге жеткізу мен тұрмыстық техника өндірісін ресми тоқтатқан. 

Компания өкілдерінің бірі Украинадағы соғыс аяқталғаннан кейін де Оңтүстік Корея бренді Ресей нарығына оралмайтынын айтқан. Себебі Samsung өзге ірі шетелдік компаниялар сияқты АҚШ-тың қайталама санкцияларынан қорқады.

Сондай-ақ оқыңыз