Жаңалықтар

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына 2 ай ішінде 199 мың долларды жұмсауға өтініш келіп түскен

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына 2 ай ішінде 199 мың долларға өтініш келіп түскен / shutterstock

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 2 ай ішінде 199 мың доллар алуды қажетті мақсатқа жұмсауға өтініш келіп түскен. 

БЖЗҚ ақпаратына сүйенсек, 2 ішінде жалпы сомасы 199 323,1 АҚШ долларына 1 992 өтініш орындалған.

«Оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында 78 798,04 АҚШ доллары сомасына 788 өтініш, білім беру ақысын төлеу үшін 120 525,06 АҚШ доллары сомасына 1 204 өтініш орындалды», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, жинақтарды алушы азаматтар өзіне тиесілі барлық соманы да, оның бір бөлігін де пайдалануға құқылы. Толық алмаған жағдайда соманың қалдығы жинақтау шотында сақталады.

Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін қаражатты пайдалануға ең белсенді Шымкент қаласының тұрғындары, екінші орында – Қызылорда облысы, үшінші орында – Астана қаласы болды. Білім беру ақысын төлеу үшін қаражатты пайдаланған ең белсенді қазақстандықтар Шымкент қаласының тұрғындары, екінші орында – Жетісу облысы, үшінші орында – Жамбыл облысы.

2024 жылы бағдарламаға жалпы 6 919 131 бала қатысты. Олардың барлығына бірдей 100 доллар 52 центі есептелді.

Қаржы министрлігінің есебіне сәйкес, бұл жобаға туғаннан қатысқан бала 18-ге толғанша, оның есепшотында 3,5 мың доллар жиналуы тиіс. 

«Жыл сайын бұл сома Ұлттық қор активтерінің өсуі және инвестициялық кіріс алу есебінен ұлғайып отырады. Бұдан бөлек, есептелген қаражат Ұлттық қордың валюталық активтерінің құрамында инвестициялануын жалғастырады және бағдарламаға қатысушы балаларға олар 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық кіріс әкеледі»,– делінген қор хабарламасында.

2022 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың шотына аударуды ұсынған. Президенттің ұсынысы биыл жүзеге асып, Қазақстан балаларының есепшотына алғашқы жарна түсті. 

Баланың бағдарламаға қатысқанын және қанша ақша есептелгенін ата-анасы kids.enpf.kz сайтынан тексере алады. Сайтта баланың ЖСН номерін теру керек. Сондай-ақ есептелген қаржы туралы деректерді egov.kz порталындағы Жеке кабинеттен де көруге болады.