Соңғы екі жылда Түркия мен Қытай Ресей үшін негізгі импорт орталықтарына айналды. Аталған елдер арқылы халық тұтынатын тауарлар да, өндірістік-технологиялық құрал-жабдықтар да, соның ішінде қару-жарақ өндіруге қажетті құралдар да үлкен көлемде жеткізілді. Бірақ АҚШ пен Еуропалық Одақ санкциялары нәтижесінде биылғы жылға дейін артып келген тауар айналымы төмендей бастады.
Ресейге экспорт 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірінші тоқсанда 33,7%-ға азайды. Бұл туралы 5 сәуір күні жарияланған Түркия Сауда министрлігінің есебінде жазылған.
Шектеудің соңы – шығын
Түркияда жабдық жеткізілімдері 1 миллиард долларға қысқартылуы мүмкін. Бұл туралы Машина жабдықтарын экспорттаушылар қауымдастығының төрағасы Кутлу Каравели Оглу Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында айтты. Қауымдастыққа 22 000 компания мүше. Оның айтуынша, нәтижесінде сала құлдырайды. Оның ауқымы өткен жылғы сатылымның үштен біріне тең болуы мүмкін. Бірақ әзірге Ресейге жанармай сорғыларының және электр қозғалтқыштарының экспорты азаяды.
Бұған дейін бір ай бұрын АҚШ Қаржы министрлігі қайталама санкциялар салды. Оның ішінде Ресейге жеткізілім үшін төлемдерді өңдейтін банктерге қатысты кеңейтілген шектеулер бар. Бұған қоса, америкалық шенеуніктердің санкциялық режимді сақтау және Ресейге электронды құрамдас бөліктердің экспортын тоқтату мақсатында өткен жылы Түркияға бірнеше рет барған.
Еурокомиссия өкілдері Түркия билігімен де келіссөздер жүргізді
Ал 2023 жылдың соңында 13-ші санкциялар пакетінде ЕО қару-жарақ өндіру үшін пайдаланылатын машиналарды, жабдықтарды және бөлшектерді Ресейге жеткізуге тыйым салды. Бұған дейін қабылданған санкциялардың сақталуына, оның ішінде үшінші елдерге қатысты қадағалау шаралары да күшейтілді.
Еске сала кетсек, ақпанда Еуропалық Одақ Ресеймен жұмыс істеген қазақстандық компанияларға санкция салды.
Компанияларға «сауда шектеулерін айналып өтуге қатысы бар» деген айып тағылды. Сонымен қатар, Еуропалық Одақ 106 жеке және 88 заңды тұлғаға шектеу енгізді. Оның барлығы жаңа санкциялар пакетінде қамтылған.
«Оларға Украинаның аумақтық тұтастығына, егемендігі мен тәуелсіздігіне нұқсан келтіруге немесе қауіп төндіруге бағытталған әрекеттеріне байланысты санкция салынды», – деп жазылған ЕО хабарламасында.
Бұл ретте ЕО компаниялардың нақты атауларын атамады. Financial Times ЕО-ның жаңа санкциялар пакеті қазақстандық компанияларға әсер ететінін хабарлаған болатын.
2023 жылы 29 қыркүйекте Еуропалық комиссия сарапшылары бірқатар елдерге ескерту жасады. Атап айтқанда, Ұйым Ресейге қарсы санкциялардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуін талап етті. Сонымен қатар тиісті шараларға мән беруге шақырды. Сынға ұшыраған мемлекеттердің арасында Қазақстан да болды.
Бұған дейін Астана бейтараптық пен көпвекторлық саясат аясында Батыстың шектеулеріне бағынатынын бірнеше рет атап өткен.
Тіпті 24 мамырда Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев: «Қазақстан Ресейге дрон мен чип жеткізіп отырған жоқ», – деп ресми мәлімдеме жасады.
Бұған БАҚ бетінде жарияланған «Қазақстаннан Ресейге дрондар мен чиптер тасымалданғаны» туралы ақпарат негіз болды.
Былтыр 19 қазанда Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Сенат кулуарында Қазақстан Ресейге 106 тауар экспортын шектегенін мәлімдеді. Олардың арасында дрон мен чиптер де болған.