Су тасқыны: 7 облыстан 20 мың адам эвакуацияланған

Жарияланды
Эвакуацияланды
Су тасқынына байланысты өңірлерден 19 459 адам, оның ішінде 8 460 бала эвауацияланған / Фото: ТЖМ

Су тасқынына байланысты Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарынан 19 459 адам эвакуацияланған. Бұл жайлы ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, ТЖМ аэровизуалды тексеру және дрондарды пайдалану арқылы өзендер мен су қоймаларындағы су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізіп жатыр. Бүгінгі күні Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының елді мекендерінде су тасқыны салдарын жою, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шаралар мен авариялық-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Су тасқынына байланысты Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында 596 жеке тұрғын үй және 334 аула аумағы су астында қалды. 1 143 үй мен 1 013 аула аумағынан еріген қар суы сорылды. 19 459 адам, оның ішінде 8 460 бала құтқарылды және эвакуацияланды. 55 мың ауыл шаруашылығы жануары қауіпсіз жерге айдалды. Бұл ретте әуе кемелерімен 2 365 адам, оның ішінде 477 бала эвакуацияланды.  Уақытша орналасу пункттерінде 4 037 адам, оның ішінде 1 712 бала бар»,- делінген ТЖМ хабарламасында.

Сонымен бірге 88 автожолды су шайған, оның 4-і көпір,  84-і жол төсемі. Салдарынан 74 елді мекенге көлік қатынасы үзілген. Осыған орай жергілікті атқарушы органдар халықпен байланыс орнатып, қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмек қорларын құрған.  

Өңірлердегі жағдай

Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл қ., Айыртау, Тайынша, Тимирязев, Есіл, Уәлиханов, М. Жұмабаев және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандарда ашық аумақтан еріген қар суын бұру және халыққа көмек көрсету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар егістіктерден келген су Тайынша ауданының Красная поляна ауылын басқан. Нәтижесінде 6 жеке тұрғын үйді су басып, тұрғындарды ішінара эвакуацияланған.

Ақмола облысында Атбасар қаласын су басқан. Қалалық арық жүйесіне судың көп мөлшерде келуіне байланысты 7 жеке тұрғын үй су астында қалған. Елді мекенде су бұру жұмыстары жүргізілуде. Целиноград ауданы Талапкер ауылының бойымен өтетін жасанды каналдың бір бөлігінің шеті жырылып, салдарынан 26 жеке тұрғын үйдің ашық учаскелерін су басқан.  

Ақтөбе облысында еріген қар суының келуіне байланысты және Хромтау ауданындағы Мағаджан бөгеті суға толып, бір шеті жарылған. Осыған байланысты Бесқоспа, Қызылту ауылдары және Алға ауданының Табантал қыстағын су басуы мүмкін. Осыған орай аталған ауыл тұрғындары ішінара эвакуацияланған. 

Айта кетсек, түнде Ақтөбеде су қоймасының жарылу қаупіне байланысты қала әкімі тұрғындардан қауіпсіз аймаққа кетуді сұраған болатын.

Батыс Қазақстан облысының Жайық өзені бойында орналасқан Бөрлі ауданындағы Қарашығанақ және Димитрово кенттерінен Жарсуа кентіндегі орта мектеп базасындағы эвакуациялау пунктіне мүмкіндігі шектеулі 25 адам алдын ала эвакуацияланған.

Қостанай облысында Қарасу өзенінде су деңгейінің көтерілу қаупіне және Қарасу ауданының Қарамырза ауылында су басу қаупіне байланысты Қарасу ауылында 108 адам алдын ала эвакуацияланды. Науырзым ауданының Буревестник ауылындағы егістіктерден еріген судың мол мөлшерде келуіне байланысты 7 жеке тұрғын үйдің аула аумағы су астында қалған.

Павлодар облысында Ертіс ауданының Ұзынсу ауылында 18 жеке тұрғын үйді су басқан. Ұзынсу ауылынан Ертіс ауылына медициналық көмекке мұқтаж 38 адам, оның ішінде 24 бала жеткізілген. Сонымен бірге Ағашорын ауылын су басу қаупі туындады. Қазіргі уақытта ауылдың шетіндегі шаруашылық құрылыстарына су келе бастаған.

Жалпы 7 өңірде авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, ҚМ, ІІМ, ҰҚК, жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың 9 мыңнан астам адам, 2,2 мың техника, 613 су айдау құралы және 96 жүзу құралы, 11 әуе кемесі жұмылдырылған.

Сондай-ақ оқыңыз