Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналым 4,4 млрд долларға жеткен

Жарияланды
Фото: Ақорда

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналым 4,4 млрд долларға жеткен. Бұл жайлы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің бейресми кездесуі кезінде айтылды.

Ақорданың хабарлауынша, президент жұмыс сапарымен Өзбекстанға келген.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев бейресми кездесу өткізді. Кездесуде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды»,  –делінген хабарламада.

Мемлекет басшысы екі ел үкіметтері қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру ісімен белсенді айналысып жатқанын атап өткен.

Тоқаевтың айтуынша, тиісті «жол карталары» жоспарлы түрде орындалып, қол қойылған келісімдер мен сауда келісімшарттары бойынша жұмыс жүргізіліп, өзара тауар айналымының көрсеткіштері жақсарған. Солайша өткен жылдың қорытындысы бойынша екі елдің тауар айналымы 4,4 миллиард долларды құраған.

Сонымен бірге президент өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өткен.

«Бүгінде портфелімізде инвестиция көлемі 2,5 миллиард доллардан асатын 60 бірлескен жоба бар. Оның аясында 13 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығын салу жобасы да сәтті ілгерілеп келеді», – деді президент.

Жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан өнеркәсіп тауарларының көрмесін және «HIVA GILAMLARI» кілем тоқу фабрикасын аралады.

Президенттер шекаралас облыстар аумағында экспортқа бағдарланған кәсіпорындар кластерін құрудың маңызды екенін атап өтті. Сонымен бірге Арал теңізінің табанына сексеуіл егіп, аймақтағы экологиялық ахуалды жақсарту үшін бірлескен күш-жігер жұмсау қажет екеніне назар аударды.

Қазақстан Президенті ислам өркениеті мен сәулет өнерінің жауһары саналатын Хиуа қаласында өтіп жатқан кездесудің символдық мәні бар екеніне назар аударып, барлық бағыт бойынша табысты дамып келе жатқан екіжақты ынтымақтастыққа көңілі толатынын мәлімдеді.

Айта кетсек, жақында мәжіліс Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарына 30 күн уақытша тіркеуге тұрмастан, бір-біріне сапарлауға мүмкіндік беретін заң жобасын мақұлдады.

Бұл келісім бойынша екі ел азаматтарына уақытша есепке тұрмай, 30 күн елде болуына рұқсат беріледі. Осы мерзім аяқталғаннан кейін, олар уақытша тұруға рұқсат алуға міндетті. Яғни оқу, жұмыс істеу, емделу, отбасымен бірігу, бизнес жүргізу үшін уақытша тіркеуге тұра алады. Уақытша тіркеу шеңберінде олардың елде болу мерзімі 6 ай ішінде 90 күннен аспауы керек. 

Сондай-ақ оқыңыз