Жаңалықтар

БҚО-да Жайық өзені тасуы мүмкін

gov.kz (ҚР ТЖМ)

Батыс Қазақстан облысы су тасқынының екінші кезеңіне дайындалуда. Ресей Федерациясынан басталатын 5 трансшекаралық өзенде су деңгейі көтеріліп, елеулі қауіп төндіруде. Су тасқыны басталғалы Жайық өзенінің Орал қаласының тұсындағы су деңгейі 676 сантиметрге жетті. Қауіпті деңгей – 850 сантиметр.

Орынбор облысы су ресурстары бөлімінің мәліметі бойынша Жайық өзеніне Ириклин су торабы арқылы келетін су көлемі секундына 2 150 текше метр дейін артқан. Екі күн бұрын бұл көрсеткіш 790 текше метр шамасында болды. Ал Жайыққа құйылатын Сақмар, Елек және Шыңғырлау өзендерінде биыл су молынан. Егер Ириклин қоймасынан жіберілген су келіп жетсе, шаһарға қауіп төнуі мүмкін.

Саяжайларды су басуда

Орал қаласы қазірдің өзінде әбігерге түсіп жатыр. Көктемгі су тасқынының салдарынан 427 саяжай учаскесі зардап шекті. Бұл аумақтарда 1 850 адам тұрады. Бұл жөнінде БҚО төтенше жағдайлар департаментінде өткен брифингте Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов хабарлады. Егер қала маңындағы Шаған мен Деркөл қатар таситын болса, жағдай тіпті ушыға түспек. Қала әкімі Жайық өзенінің маңындағы бөгеттерді нығайту жұмысы басталғанын айтты. Яғни Курени ауданы, облыстық экологиялық-биологиялық орталығының маңы, Шағанның жағасы және Жайық өзенінің төменгі сағасы ерекше назарда тұр. Осы мақсатта 200 арнайы техника, 2 000 қол күші (коммуналдық мекеме және әскери қызметкерлер, волонтерлар және т. б.) дайын.

10 ауылда қатынас тоқтады

Брифингте облыс әкімінің бірінші орынбасары Қалияр Айтмұханбетов наурыз айының 26-сы күні басталған су тасқыны салдарынан облыс орталығы мен алты ауданда 552 үйді су басқанын хабарлады. Су тасқыны басталған кезеннен бері эвакопунктарда 3 684 адам орналастырылған, кейін 2 633 адам өз үйіне оралды. Өңірдегі 10 мектеп бойынша 3722 оқушы онлайн форматта білім алуда.

Бүгінгі таңда автожолдарды су шаюы салдарынан 10 ауылда көлік қатынасы тоқтады. Су тасқыны кезінде 179 ірі қара, 47 жылқы, 60 шошқа, 1 442 қой-ешкі және 119 үй құсының өлгені анықталды.

Айта кетейік, облыстағы Шаған өзенінің алдағы күндері қауіпті деңгейге жететіні болжануда. Өзен арнасындағы су тасыса, Бәйтерек ауданының бірнеше ауылы мен саяжайларды су басуы мүмкін. Өңірдегі Бәйтерек пен Тасқала аудандары және Орал қаласы дайындық жұмысын күшейтуде.