Британдық компания бетон төсемдерін шығаратын зауытты Ресейде емес, Қазақстанда салады

Жарияланды
Бетон төсемдерін өндіру зауытын Қазақстанда «Concrete Canvas Ltd» британдық компаниясы салуға ниетті / Фото: kursiv.media

Британдық «Concrete Canvas Ltd» компаниясы Қазақстанда бетон төсем өндіру зауытын салуға ниетті. Бастапқыда компания өндірісті Ресейде салуды көздеген, алайда геосаяси жағдайға байланысты таңдау Қазақстан пайдасына жасалған.

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ алаңында Ұлттық компанияның басқарма төрағасы Ержан Елекеев «Concrete Canvas Ltd» британдық компаниясының басшылығымен кездесу өткізді. Бас қосу барысында тараптар Қазақстанда бетон төсем өндіру зауытын салу мүмкіндігін талқылады.

Компания өкілдерінің айтуынша, жоспарланған жоба Concrete Canvas инновациялық технологиясы арқылы Қазақстанда ирригация жүйелерін салу мен реконструкциялаудың өзекті мәселелерін шешуге септігін тигізеді.  

«Атап айтқанда, жобаны іске асыру ирригациялық жүйелердің пайдалану сенімділігін едәуір арттыруға, елдің агроөнеркәсіптік кешеніндегі судың жоғалуын болдырмауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар арналарды, қорғау бөгеттерін және азаматтық инфрақұрылымның басқа да объектілерін жаңарту бағдарламаларына бюджет шығыстарын қысқартуға болады», делінген хабарламада.

 Кездесу барысында британдықтар шығаратын өндірістік өнімнің сапасын түсіндірді.  Айтуларынша геосинтетикалық цемент композиттік төсеніштері сүзу кезінде судың жоғалуын болдырмайды және материалдың берік қасиеттерін сақтай алады. Сондай-ақ бетон ерітінділерімен жұмыс істегенге қарағанда 95%-ға аз материалдарды пайдаланады. Бұл қоршаған ортаға теріс әсер ету деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. 

Компания қазірдің өзінде Алматыда өкілдігін ашқан. Бүгінде нарық сұранысын зерттеп, тиісті министрліктермен және жергілікті атқарушы органдармен келіссөздер жүргізуде.

Еске салайық бұған дейін Қытай және Сингапур инвесторлары Алматы облысында вольфрам өндіре бастайтыны туралы жазған едік.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Jiaxing International Resources Investment LTD бас компаниясының өкілдерімен кездесу өткізген. Кездесуде тараптар Алматы облысындағы Бұғыты кен орнының вольфрам өндіру жобасының іске асыру барысын талқылаған. Бұғыты кен орнының құрылысын «Жетісу Вольфрамы» ЖШС жүзеге асырады. «Жетісу Вольфрамы» ЖШС-нің құрылтайшылары – «АРАЛ-КЕГЕН» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен EVER TRILLION INTERNATIONAL SINGAPORE PTE. LTD. «АРАЛ-КЕГЕН» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы жоғарыда аталған Jiaxing International Resources Investment LTD компаниясы.

EVER TRILLION INTERNATIONAL SINGAPORE PTE. LTD. Сингапурда тіркелген 2019 жылы құрылған компания. Ашық дереккөздерде оның құрылтайшысы туралы ақпарат жоқ. Айта кету керек, компания тіркелген мекенжайды тіркеу орны ретінде көрсеткен компаниялар қарасы көп.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, кәсіпорынды құрылыс-монтаждау және тау-кен дайындау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Пайдалануға 2024 жылдың соңына жоспарланған. Кен байыту фабрикасы 1000 адамды жұмыспен қамтиды.

«Кәсіпорынның жобалық қуаты 65% вольфрам концентратын шығарумен 3,3 млн тонна вольфрам кендерін өндіру және өңдеуге мүмкіндік береді деп күтілуде», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Сондай-ақ оқыңыз