Үкімет резервтерін пайдалану қағидаларын өзгерту ұсынылды

Жарияланды (жаңартылды )
Үкімет резервтерін пайдалану қағидалары өзгеруі мүмкін / Архив: kursiv.media

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы және ҚР Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі № 325 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Осыған қатысты құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Құжатқа қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек

2024 жылғы жекелеген өңірлердегі су тасқыны салдарынан келтірілген мүліктік зиянды өтеу үшін ҚР Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның шұғыл шығындарға арналған резервтері пайдаланылады. Бұл жекелеген өңірлердегі су тасқыны салдарынан келтірілген зардаптарды жою мәселелері жөніндегі үкіметтік комиссияның хаттамасы не Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы болған жағдайларда жүзеге асырылады.

Сонымен қатар ел аумағында әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде Үкіметінің резервтерінен ақша бөлу туралы өтінішхат ұсынады.

Оны төтенше жағдайдың тиісті түрі саласындағы орталық уәкілетті орган заңнамаға сәйкес бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның қарауына тиісті негіздемелермен және есеп-қисаптармен өткізеді.

Бұл ретте орын алған әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай өңірлік немесе жаһандық ауқымда болуы мүмкін.

«Жергілікті ауқымда 2024 жылғы жекелеген өңірлердегі су тасқыны салдарынан халыққа, кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік зиянды өтеу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның шұғыл шығындарға арналған резервтерін пайдалану мақсатында Жекелеген өңірлердегі су тасқыны салдарынан келтірілген зардаптарды жою мәселелері жөніндегі үкіметтік комиссияның хаттамасы не Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы болған жағдайларда жүзеге асырылады», – деп жазылған құжатта.

Су тасқынан келтірілген мүліктік зиян қалай өтеледі

Бұған қоса мүліктік зиянды өтеу үшін резервтерден ақша бөлінген жағдайда тиісті мемлекеттік орган негіздемелермен және есептермен бірге бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға ақша бөлу туралы өтінішхат ұсынады. Қаржы ел Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органдардың қорынан қарастырылады.

Негіздемелер мен есептер кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын келтірілген мүліктік зиянды өтеу тәртібіне сәйкес жолданады.

«2024 жылғы су тасқыны нәтижесінде халыққа, кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік зиянды өтеуге арналған Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның резервтерінен шұғыл шығындарға арналған тиісінше Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органдардың қаулыларында көзделген шығыстарды қаржыландыру кезінде шығыстардың әрбір түрі бойынша бөлінген қаражаттың 50%-ынан аспайтын мөлшерде (алдын ала) ақы төлеуге рұқсат етіледі», – деп жазылған құжат жобасында.

Көрсетілген шығыстарды одан әрі қаржыландыруды бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің ҚР заңнамасына сәйкес негіздейтін бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдар жүзеге асырады

Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2024 жылғы су тасқыны салдарынан туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысын тоқтатады.

Елдегі бірнеше аймақты қызыл су басты

Еске сала кетсек, наурызда еліміздің бірнеше аймағын су басты. Тұрғындар эвакуацияланып, қауіпсіз жерге көшірілді.

Сол тұста шұғыл кеңес өткізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккендерден кешірім сұрады. Тоқаев су тасқынына қарсы уақытында шара қабылдамағаны үшін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, министр Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жариялады.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов тасқын қайтадан күшеюі мүмкін екенін ескертті. Әсіресе, солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде оның жаңа кезеңі басталады деп мәлімдеді. Премьер-министр тасқынға алып келген негізгі факторды атады. Оның себебі қалың қар мен топырақтың тоң болып қатып қалуы, күннің күрт жылынуы мен қатты жауын-шашын екенін айтты.

Мәжіліс депутаттар зардап шеккен шаруалардың ауыл шаруашылығы мақсатында алған несиелерін төлеуді 3 жылға дейін шегеруді ұсынды.  

Сондай-ақ оқыңыз