Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновпен телефон арқылы сөйлесті.
Президент облыстағы су тасқыны жағдайын бақылауда ұстап отыр. Су басу қаупін сейілту үшін барлық шара қабылданып жатыр. Бұл жұмыстар одан әрі күшейтіледі.
Үкімет қарғын судан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетеді, сондай-ақ материалдық шығындар өтеледі. Облыс әкімі Серік Шәпкеновпен сөйлесу барысында Президент ешқандай отбасы, бірде-бір тұрғын мемлекеттің назарынан тыс қалмайтынын мәлімдеді және оларға өзінің жылы лебізін білдіріп, әрдайым қолдайтынын жеткізуді тапсырды.
Еске сала кетсек, наурызда еліміздің бірнеше аймағын су басты. Тұрғындар эвакуацияланып, қауіпсіз жерге көшірілді.
Тоқаев уақытында шара қабылдамағаны үшін бірнеше адамға сөгіс жариялады
Елдің өңірлерін су басқан тұста шұғыл кеңес өткізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккендерден кешірім сұрады. Тоқаев су тасқынына қарсы уақытында шара қабылдамағаны үшін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жариялады.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов тасқын қайтадан күшеюі мүмкін екенін ескертті. Әсіресе, солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде оның жаңа кезеңі басталады деп мәлімдеді. Премьер-министр су тасқынына алып келген негізгі факторды атады. Оның себебі қалың қар мен топырақтың тоң болып қатып қалуы, күннің күрт жылынуы мен қатты жауын-шашын екенін айтты.
Мәжіліс депутаттар зардап шеккен шаруалардың ауыл шаруашылығы мақсатында алған несиелерін төлеуді 3 жылға дейін шегеруді ұсынды. Төменгі палата депутаттарының атынан премьер-министрге сауал жолдаған Мақсат Толықбай елдегі су тасқыны бойынша қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты бірнеше ұсыныс жолдады.
Депутаттар не ұсынды?
Осы айтылғандарды ескере келіп, Мәжіліс депутаттары үкіметке бірнеше ұсыныс жолдады:
- Қазақстандағы барлық өзен жағасындағы ерекше су қорғау аумағын 4 шақырымға дейін ұзарту және тұрғын үй салу мен жер бөлу кезінде өзен, көл, су қоймасының жағасынан қашық әрі биік жерлерге қоныстандыру;
- Ірі және және таулардан ағатын трансшекаралық сулар құйылатын өзендердің қар мен жаңбыр суы қосылғанда тасып кетпеуі үшін жасанды арналар жасау, аса қауіпті аумақтарда су қоймаларын салу, сондай-ақ су соратын дренаждар мен насостарды қайта орналастыру;
- Өзен, көлге жақын орналасқан ауылдарды қажетті техника, қайық және арнайы формалармен қамтамасыз ету;
- Гидротехник-инженер мамандардын дайындауға көңіл бөлу;
- Биылғы төтенше жағдай жарияланған жерлердегі шаруалардың барлық ауыл шаруашылық несиесін төлеуді 3 жылға дейін шегеру мүмкіндігін қарастыру.
- Су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтар несие бойынша борышын кейін төлей алады
Тасқыннан зардап шеккендер несие қарызын кейін төлей алады
Айта кетейік, Қазақстандық банктер су тасқынынан зардап шеккен борышкерлердің несие төлеу мерзімін кейінге шегереді. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы хабарлады.
Өз тарапынан банктер келесі қолдау іс-шараларын көрсетуге дайын екендіктерін растады:
– 2024 жылғы 1 сәуірден 30 маусымға дейінгі мерзімге жергілікті атқарушы органдардың тізімдері бойынша су тасқынынан зардап шеккен қарыз алушылардың несиені өтеу мерзімін ұзарту;
– 2024 жылғы 1 сәуірден бастап 30 маусымға дейінгі кезеңде су тасқынының теріс әсерінен қаржылық жағдайы нашарлаған қарыз алушылардың төлемдерін уақтылы өтемегені үшін өсімпұлдар есептелмейді;
– Су тасқыны салдарынан шаруашылық қызметі тоқтап қалға жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілерінің несиелік міндеттемелерін орындау кейінге қалдырылады.
Төлемді кейінге шегерудің нақты тетiктерiн әр банк жеке анықтайды
«Төлемді кейінге шегерудің нақты тетiктерiн әрбiр екiншi деңгейдегi банк дербес айқындайды. Оның ішінде банкке тиiстi өтiнiштер беру және форс-мажорлық мән-жайлардың туындауын растайтын құжаттарды ұсыну бар. Осы тетіктердің сипаттамасы және қарыз алушыларға қажетті барлық қадамдар жақын арада банктердің ресми сайттарында жарияланады», – деп хабарлады Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы.
Еске сала кетсек, Үкіметте су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген шығынды өтеу тетіктері мен қаржыландыру көздері талқылады. Қосымша қаржыландыру Үкімет резервінен алынады.