Ақиқаты қайсы: халықтың мойнында несие қамыты бар ма, жоқ па?

Жарияланды
Несие жүктемесінің себептері қандай?/kursiv.media

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегі (2024 жылдың ақпанындағы) бойынша, екінші деңгейлі банктердің халыққа берген несиесінің көлемі 17,2 трлн теңгеге жетті. Мұның ішінде 5,4 трлн теңгесі – ипотекалық қарыздар болса, 10,7 трлн теңге – таза тұтынушылық несие сомасы. Мәжіліс депутаты Дания Еспаеваның сөзінше, елдегі тұтынушылық қарызы бар адам саны 8,5 млн-ға жетіп отыр. Олардың 1,6 миллионында 90 күннен асып төленбеген берешек бар (берешек көлемі – 1,8 трлн теңге шамасында).

Депутаттың айтуынша, халықтың несие жүктемесінің көбеюіне айтулы екі себеп бар. Бірі – несие алудың тым қолжетімді болып кеткендігі. Екіншісі – халық табысының төмендеуі. Қазіргі уақытта 890 мың борышкердің төленбей тұрған 334 млрд теңгесімен коллекторлық агенттіктер айналысып жатыр.

Деректер бойынша, халық мойнындағы қарыздың 85,5 пайызы – банктер берген борыш болса, 14,5 пайызы – өзге қаржы мекемелерінің қарызы, 7,4 пайызы – микроқаржы ұйымдарының кредиті.

«Халықтың мойнында қарыз қамыты жоқ»

Саясаттанушы Марат Шибұтов халықтың мойнында қарыз қамыты жоқ деп есептейді.

«Бірінші несие бюросының талдауына сәйкес, ипотекалық займды есепке алмағанда, тұтынушылық кепілсіз несие бойынша орташа статистикалы борышкерде 2023 жылдың басында үш айлық жалақы көлемінде қарыз болды. Бұл ретте көрсеткіш ұдайы төмендеп келе жатыр. 2022 жылдың басында 3,2 айлық есептік жалақы болған. Басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанның қарызы әлдеқайда аз. Грекияда азаматтардың қарызы Қазақстанмен салыстырғанда 6 есе жалақыға көп. Қарыздың басым бөлігі ірі сомаларды несиеге алған аздаған қарыз алушылар үлесіне тиесілі. Бірақ қазір қаржы ұйымдары жариялап отырған мәліметтер борышкерлердің проблемалық тобын анықтауға мүмкіндік бермейді. Алайда түрлі дерек көздеріне қарап, мұндай проблемалық топты айтылып жүргеннен әлдеқайда кішкентай деп қорытуға болады», – дейді сарапшы.

«Несие жүктемесін есептеу жолдарын өзгерту керек»

Қаржыгер Ғалым Құсайыновтың сөзінше, әдетте банктер жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) кредит үлесіне сілтеме жасап, біздің елде несие жүктемесі тұрғысынан проблема жоқ дейтінін айтады. Сарапшы мұны дұрыс пайым емес деп отыр.

«Біріншіден, несие жүктемесін ЖІӨ-дегі үлеспен анықтауға болмайды, өйткені ЖІӨ – елдің жалпы қанша табыс тапқанын көрсететін көрсеткіш. Бізде ЖІӨ негізін табыстың басым бөлігін беріп отырған тау-кен секторы құрайды. Дамыған елдермен салыстырғанда бізде жалпы ішкі өнімдегі жалақы үлесі тым төмен. Ал несие бойынша төлем қабілеті еңбек ақы деңгейімен анықталады. Сол себепті, Швеция мен Қазақстандағы несие жүктемесін ЖІӨ-мен салыстырып, білу дұрыс емес.

Екіншіден, несие жүктемесі кредит түріне байланысты болады. Дамыған елдерде кредит үлесінде ұзақ мерзімге берілетін ипотека, автонесие басымдыққа ие. Ал бізде басым позицияларда – қайтару мерзімі әлдеқайда аз тауарларға берілетін тұтынушылық несиелер. Сондықтан қарыз көлемі бірдей жағдайда айлық жүктеме әр алуан болады, өйткені ипотеканы азамат 20 жылда қайтарса, тұтынушылық несиені 3 жылда қайтарады. Айлық төлем жүктемесі 7 есе көп болады», дейді Ғалым Құсайынов..

Сарапшының пікірінше, үшіншіден, дамушы еледрде несие бойынша жоғары мөлшерлемелер айлық төлем жүктемесін ұлғайтып жібереді. Егер бізде ставка 40 пайыз шамасында болса, дамыған елдерде 10 пайыздай, бұл айлық төлем көрсеткішінде айқын білінеді. Мысалы, 36 айға 1 миллион теңге несие төлем құрылымында 50 пайыздан астам несие бойынша пайыздық үлеске ие болады. Яғни бізде несиелеу қабілеті айтарлықтай аз.

«Халықтың басым бөлігіне несие жүктемесі ауыр тиіп отыр»

Төртіншіден, несие жүктемесіне бүкіл халық бойынша қарауға болмайды. Сегмент бойынша қарап, кімнің табысындағы кредит үлесі белгілі бір шекті мөлшерден асып тұр дегенді анықтау керек. Кірістің үлесі бойынша қарауға болмайды, мысалы, 300 мың теңге кіріс және оның 50 пайызы тұрғысынан қарыз алушыда 150 мың теңге қалады. Ал 2 млн теңге алатын адамда сол кредиттеу деңгейінде 1 млн теңге қалады. 1 млн теңгеге дұрыстап өмір сүруге болады. 150 мың теңгеге өмір сүру әжептәуір қиын. Бұл табыс деңгейі жоғары дамыған елдерде несие жүктемесінің де көп екенін білдіреді. Өйткені олар өз табысының 70 пайызын несиесіне өтеуге жібере алады.

Сондықтан күнкөріс минимумын шегергенде несиеге қызмет көрсетуге кететін кірістердің үлесін салыстыру қажет.

Сондықтан бізде халықтың басым бөлігіне несие жүктемесі ауыр тиіп отыр. Алайда мұны қандай да бір тыйымдармен, шектеулермен шешуге болмайды. Себебі халық жақсы өмір сүргендіктен емес, амалдың жоқтығынан несие алып отыр. Егер оларға реттелетін қаржы ұйымдары несие бермейтін болса, онда олар реттелмейтін көлеңкелі ұйымдар қызметіне жүгінер еді.

Несие жүктемесінің себептері

Сарапшының айтуынша, несие жүктемесінің негізгі үш себебі бар. Олар – халық табысының тым төмендігі, инфляция және бәсекенің болмауы. Ал мұның бәрі соңғы жылдардағы экономикалық саясаттың дұрыс еместігі салдары.

«Мысалы, инфляция соңғы жылдары халық табысын тым құнсыздандырып жіберді: табыс өсті, бірақ бәрінде емес. Бір қарағанда, бәрі дұрыс сияқты көрінгенімен, кіріс бойынша теңсіздік күшейді. Ел ішінде инфляцияны күшейткен мемлекеттік бағдарламалар инфляцияны жоғарылатып жіберді. Олар – жеңілдетілген ипотека бағдарламалары, зейнетақы қаржысын тарату, жеңілдетілген автонесиелер, тұтынушылық несиелердің кешірілуі, экономика өсіміне сай емес өнімсіз мемлекеттік шығындардың көбеюі. Ал жоғарғы инфляция өз кезегінде бизнес үшін де, халық үшін де жоғары мөлшерлеменің себебі болды.

Кез келген төленбеген займ жақсы қарыз алушының мойнына жоғарғы мөлшерлеме болып ілінеді. Сонымен қатар бізде бөліп-төлеу және маркетплейс сегменті де жеткілікті деңгейде реттелмейді. Адамдар бөліп-төлеуге тауар сатып алған кезде аталған сатып алудың қаржылық мәнін түсіне бермейді. Бұл мұқият талдауды қажет ететін бөлек тақырып. Сол себепті, халықтың несие жүктемесі проблемасын шешу үшін біріншіден, соңғы жылдары инфляция салдарынан төмендеп кеткен халықтың нақты табысы мәселесін шешу керек.

Екіншіден, инфляциямен күресу керек. Осы жеңілдікті несие бағдарламаларының барлығын аяқтау керек, олар тек жеңілдетілген несие ала алатын адамдарға ғана пайдалы. Бірақ осы жеңілдіктер арқылы олардың құнының өсуі нәтижесінде басқаларға мүлдем қолжетімді емес.

Үшіншіден, қаржы нарығына кіргісі келетін басқа ойыншыларға қойылатын талаптарды қысқарту арқылы бәсекені ұлғайту қажет. Мысалы, олардың нарыққа кіруі үшін барьерлерді төмендету мақсатында необанктер мен салалық банктерге жеке талап қойылуы тиіс. Соның нәтижесінде саладағы бәсеке артып, банктердің маржасы азаяды, ал бұл өз кезегінде несие бойынша пайыздарға әсер етеді», дейді сарапшы.

Халықаралық мамандар не дейді?

Қазақстанда несие жүктемесінің ауыр екенін Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қоры да растайды. Дүниежүзілік банк мәліметі бойынша, 2022 жылы тұтынушылық несие бойынша берешек көлемі 40 пайызға өскен. 2023 жылдың 8 айында 31 пайызға өскен. Олардың бағалауынша, 1,5 млн-ға жуық қазақстандықта 90 күннен асып өтелмеген қарыз бар. Халық жүктемесінің артып кетуінің себебін олар екінші деңгейлі банктердегі бизнес-модельдің корпоративті несиелеуден тұтынушылық несиелеуге ауысуымен түсіндіреді.

Халықаралық мамандар сонымен қатар іске қосылған жеке тұлғаның банкроттығы процедурасы бірқатар шектеулерге ие және қарызы тым көбейіп кеткен азаматтарға банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру процедурасынан өтуге мүмкіндік бермейді деп есептейді.

Халықаралық валюта қорының пікірі де осыған үндес. Олардың айтуынша, банктердің корпоративті несиелеу үлесін азайтып, тұтынушылық және ипотекалық займдарға көбірек мойын бұруы елдегі несие жүктемесін тым ауырлатып жіберді.

«Несие қабілетін бағалауға қатысты реттеушілік талаптарды күшейтуді ұсынамыз. Сонымен бірге, тұтынушылық несиені пайдалануды бақылау бойынша талаптар да жақсара түсуі тиіс. Олардың талабы ипотека, шағын және орта бизнес немесе мерзімі өткен берешекті өтеу үшін пайдаланылмайтынына кепілдік берілуі керек»,  – дейді ХВҚ сарапшылары.

Қарыз алушылардың төлем қабілеті дұрыс есептелмейді

«Талап» экономиканы қолданбалы зерттеулер орталығы мамандарының айтуынша, 90 күннен асырып несиесін төлей алмай отырғандардың басым бөлігі (979 мыңы) – банктерге қарыз. Бұл ретте онлайн-микрозайм үлесіне – 304 мың, микроқаржы ұйымдарына 94 мың адам тиесілі. Тағы 854 мың адамның ісімен коллекторлық агенттіктер айналысып жатыр.

«Қабылданып жатқан реттеушілік шараларға қарамастан, тұтынушылық несиелердің әрі қарайғы өсу тәуекелі сақталып отыр. Басты факторлар – тәуекелдерді дұрыс бағаламау және қарыздық жүктеме коэффициенті талаптарының сақталмауы. Сонымен қатар халықтың қаржылық сауаттылық проблемасы да айқын көрінеді. Алайда қаржы ұйымдары әлеуетті қарыз алушылардың төлем қабілетін адекватты бағалауы тиіс. Қазіргі уақытта төлем қабілеттілігі 12 критерий бойынша анықталады, олардың қатарында табыс, коммуналдық қызметтер шығыны, интернет-дүкендегі сауда-саттық, мүліктің болуы және депозиттегі сома, тағы басқалар. Дегенмен бұл критерийлер тұрақты табысты әрдайым дұрыс анықтай бермейді. Соның салдарынан тұрақты табысы жоқ азаматтарға несие беру үрдісі белең алып кетті. Жоғары пайыздық мөлшерлемелерді ескере отырып, тіпті аз несие сомасының өзі (1 млн теңгеге дейінгі) табысы аз адамдарға әжептәуір проблема болып отыр», – дейді сарапшылар.

Олардың пайымынша, бір қарыз алушыға берілетін кепілсіз тұтынушылық займ санын және сомасын шектеу қажет. Шектеу сыйақының шекті ставкасына да қатысты болғаны жөн.

«Пайызсыз бөліп-төлеуді ұсыну процедурасы да айтарлықтай зерделеуді талап етеді. Бөліп-төлеу бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) нөлге тең, алайда қаржы ұйымдары сатушыдан комиссия алады. Бұл ретте сатушыға тауарды бөліп-төлеуге және қолма-қол ақшаға сату кезінде бірыңғай баға белгілеуге қатысты қатаң талап қойылады. Осылайша, барлық сатып алушы үшін тауар құны жасанды түрде көтеріледі. Қаржы ұйымдарының тәуекел-тәбетін төмендету үшін жеке тұлғаның банкроттығы шарттарын және процедурасын айтарлықтай жеңілдету керек», дейді «Талап» экономиканы қолданбалы зерттеулер орталығы мамандары

Сондай-ақ оқыңыз