Жаңалықтар

Каспий құбыр консорциумының өндірістік нысандары су тасқынынан зардап шеккен жоқ

КҚК нысандары су тасқынынан қауіпсіз аймақта тұр. Коллаж kursiv.media

Қазақ мұнайының 80 пайызын тасымалдайтын «Каспий Құбыр Концорциумының» өндірістік нысандары су тасқынан зардап шекен жоқ. Төрт мұнай айдау станциясы (Теңіз, Атырау, Құрманғазы, Исатай) су басқан аймақтардан тыс орналасқан. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстандағы су тасқыны жағдайына байланысты КҚК өндірістік нысандарын үнемі қадағалап отырғанын жеткізді. Консорциумның Шығыс аймағында арнайы штаб құрылған.

«2024 жылғы 8 сәуірдегі таңғы жағдай бойынша барлық қондырғы мен жабдық, соның ішінде 24 негізгі кран қондырғысы (МКК) қауіпсіз аймақта», – делінген хабарламада.

Мұнай құбырының желілік бөлігінің 209-шақырымы – Жайық өзені мен Атырау мұнай айдау стансасындағы тас жол аралығындағы арматура қондырғыларына ерекше назар аударылады. Олардың айналасы топырақпен қоршалған.

Маршрут бойындағы жолдың жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіліп отыр. Мұнай құбырының 72-ші шақырымында Каспий теңізінен құйма су байқалғанымен, мұнай құбырына қауіп төніп тұрған жоқ. Өткелдер темірбетон плиталарымен нығайтылған.

«Төрт мұнай айдау станциясы (Теңіз, Атырау, Құрманғазы, Исатай) су басу аймағынан тыс орналасқан. Нысандарда ауыз су, азық-түлік және отын қоры қосымша қордаланды. Қызметкерлер кестеге сәйкес жеткізіліп жатыр»,– делінген хабарламада.

Консорциум мамандары мен мердігерлерден жасақталған жұмыс тобы Атырау облысы әкімдігінің штабы белгілеген учаскелерге орналасады. Қазіргі уақытта КҚК-ның барлық нысаны штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

КҚК құбыры Батыс Қазақстан мен Каспий қайраңындағы ресейлік кен орындарын Новороссийсктегі теңіз терминалымен байланыстырады. Оның ұзындығы – 1511 км. Каспий құбыр консорциумы – қазақстандық мұнайдың негізгі экспорттық бағыты, бұл құбыр арқылы елде өндірілген «қара алатынның» 80%-дан астамы тасымалданады.

2024 жылға қарай КҚК-ның өткізу мүмкіндігін жылына 80 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

КҚК акционерлері: Ресей Федерациясы (Транснефть (MOEX: TRNF) бақылайтын 24%, баланста 7%) – 31%, Қазақстан (Қазмұнайгаз – 19% және Kazakhstan Pipeline Ventures LLC – 1,75%) – 20,75%, Chevron Caspian Pipeline Consortium Company – 15%, LUKOIL International GmbH – 12,5%, Mobil Caspian Pipeline Company – 7,5%, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited – 7,5%, BG Overseas Holding Limited – 2%, E.A.ni. Н.В. – 2% және Oryx Caspian Pipeline LLC – 1,75%.