Цифрлық даму министрлігі Zaimer.kz арқылы жеке дерегі таралып кеткен азаматтарды «Робокэш.кз» микроқаржы ұйымынан моральдық шығын өтеп алу үшін сотқа жүгінуге шақырды.
Қазіргі кезде Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне азаматтардан 5200-ден астам өтініш келіп түскен. Соның арасында микроқаржы ұйымынан моральдық шығын өндіру туралы да өтініш болған.
Алайда комитет өздерінің моральдық шығын өндіріп алатын мекеме емес екенін атап өтеді.
«Бұл ретте азаматтар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 951-бабына сәйкес дербес деректердің таралуының салдарынан келтірілген моральдық зиянды өтеу туралы мәселені қарау үшін сотқа жүгінуге құқылы», – делінген хабарламада.
5 наурызда Zaimer.kz арқылы қазақстандықтардың 2 миллионнан аса жеке деректері тарап кеткені белгілі болды. Оны Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ анықтаған.
Жалпы, Robo.finance платформасында жұмыс істейтін микроқаржы ұйымдары клиенттерінің 36 млн-нан астам деректер анықталды. Оның ішінде РФ – 23,6 млн (zaimer.ru – 16.8 млн, adengi.ru -6.8 млн.), Филиппин – 5 млн (digido.ph), Вьетнам – 2 млн (vietloan.vn) дерегі бар.
«Мемлекеттік техникалық қызмет» таратылған деректерге талдау жүргізген. Цифрлық даму министрлігі клиенттердің жеке басын анықтау нәтижеі бойынша азаматтарға EgovMobile мобильді қосымшасы арқылы тиісті хабарламалар жолдады.
Осы факт бойынша қазақстандықтардың дербес деректері тараған дерекқор операторларына қатысты жоспардан тыс тексеріс өткен. Тексеру нәтижесінде әкімшілік іс қозғалып, оның қорытындысы бойынша «Робокэш.кз» МҚҰ» ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1000 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.
Бұған дейін Қытайлық хакерлердің екі жылдан астам уақыт қазақстандықтарды бақылап отырғаны анықталды.
Ақпанда GitHub ресурсында белгісіз адамдар Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің мердігері қытайлық Іsoon компаниясының құпия деректерін жариялаған. Бұл туралы CERT компьютерлік қауіпке жауап беру қызметі хабарлаған.