Жаңалықтар

Air Astana Атыраудан Алматыға билет құны 500 мың теңгеге дейін өскенін жоққа шығарды

Air Astana отрицает подъем цен на билеты из Атырау до 500 тысяч тенге
Air Astana Атыраудан Алматыға билет құны 500 мың теңгеге дейін өскенін жоққа шығарды / shutterstock

Air Astana Атыраудан Алматыға ұшу билетінің құны 500 мың теңгеге өскені туралы желіде тараған ақпаратқа түсініктеме берді. Компания ақпараттың қате екенін атап өтті.

«Аталған скриншоттарда Атыраудан Алматыға, Астанаға немесе Ақтауға әуе билеттерінің құны жарияланды. Алайда Ыстамбұлда бір немесе екі рет ауысып отыратын рейстер көрсетілген. Сондай-ақ билеттердің бірі бизнес-класпен ұсынылған. Мұндай ақпарат қате», – делінген компания хабарламасында

Әуе компаниясының ресми сайтында немесе Air Astana қосымшасында эконом-класта тоқтаусыз тікелей рейстерді таңдауға кеңес берген. Мұндай билеттердің құны бір бағытта 60 мың теңгеден басталады. 

Фото: Air Astana

Air Astana 9 сәуірде компания Атырау облысындағы су тасқыны салдарынан Алматыдан Атырауға және кері қарай ұшатын қосымша рейстер қосқанын хабарлады.

Еске сала кетсек, су тасқынына байланысты Атырау облысының аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Атырау облысы дайындықты күшейтті. Сәуір айының орта тұсында өзен арнасындағы судың тасуы ең жоғарғы шегіне жетеді деп болжануда. Жайықтың жоғарғы бетінде орналасқан Ресейдің Орынбор облысынан сағатына 3,6 км жылдамдықпен тасқын су ағып келеді. Атырау қаласы жанындағы ескі Сарайшық жұртын сақтап қалу мәселесі де өте өзекті.

Жем өзенінің деңгейінің жоғарылауына байланысты Құлсары қаласының 2 810 үйін су басқан.  Қазіргі уақытта Қызылқоға мен Жылыой аудандарында ахуал күрделі. Қаладағы су тасқыны салдарынан екі адамның қаза болған.

Өңірлердегі су тасқынына қатысты жағдай әлі де күрделі. Су тасқыны басталғалы бері Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында 3702 жеке тұрғын үй, 562 аула аумағын, 1822 саяжай үйін су басқан. Сонымен бірге әртүрлі мақсаттағы 73 ғимарат пен 155 автожолды су басқан. 72 284 адам, оның ішінде 17 217 бала құтқарылып эвакуацияланған.