«BCC Invest» АҚ KASE-де 1,4 млрд қарапайым акциясын орналастырады

Жарияланды (жаңартылды )
KASE
«BCC Invest» АҚ Қазақстан қор биржасында қарапайым акциясын орналастырады / Архив: kursiv.media

«BCC Invest» АҚ Қазақстан қор биржасында 1,4 млрд қарапайым акциясын орналастыру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы биржа сайтында жарияланған құжатта жазылған.

Осы ретте АҚ-ның директорлар кеңесі акцияларды басымдықпен сатып алу құқығын иеленеді. Ал оның жалғыз акционері – «Банк ЦентрКредит» АҚ (негізгі иелері – Бақытбек Байсейітов (40,11%) және Владислав Ли (9,23%).

«Бағалы қағаздары Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми тізімінде тұрған «Банк ЦентрКредит» АҚ еншілес ұйымы – «BCC Invest» АҚ Директорлар кеңесінің 2024 жылдың 26 наурызындағы жалғыз акционердің акцияларды басымдықпен сатып алу құқығын іске асыруын ескере отырып, бір акция үшін бағасы 2,872 теңге бағасымен қоғамның 1 422 340 270 қарапайым акциясын орналастыру туралы шешімін KASE-ге хабарлады», – деп жазылған хабарламада.

Акция үшін төлем қолма-қол ақшасыз нысанда ғана жүзеге асырылады.

Еске сала кетсек, «Банк ЦентрКредит» АҚ «BCC-HUB» ЖШС деп аталатын жаңа ұйым құрып, 100 пайыз акциясына иелік ететін болды. Бұл туралы компанияның Қазақстан қор биржасына жіберген хабарламасында жазылған.

«Бағалы қағаздары Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми тізімінде тұрған «Банк ЦентрКредит» АҚ, KASE-ге 2024 жылдың 9 ақпанынан бастап «Банк ЦентрКредит» АҚ еншілес ұйымына «BCC-HUB» ЖШС-на иелік ететінін хабарлады», – делінген хабарламада.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Банк ЦентрКредитке»  «ВСС-HUB» еншілес ұйымын құруға рұқсатты биыл 23 қаңтарда берген.

«ВСС-HUB» банктің бүкіл тобына қызмет көрсетеді. Компания жаңа технология енгізу, сервистер құру және жетілдіруге жауапты болады. Сондай-ақ қаржылық емес сервистермен айналысып, технологиялық бастамалардың инкубаторын іске қосады.

Қазіргі кезде БЦК тобының ВСС-HUB компаниясынан бөлек, 4 еншілес ұйымы және 2 компанияда үлесі бар: Center Project басқарушы компаниясы, BCC Invest брокері, Center Leasing лизинг компаниясы және Sinoasia B&R сақтандыру компаниясы.

БЦК жоғарыда аталған үш компанияға 100% иелік етсе, сақтандыру компаниясында 92,45% үлеске ие.

Одан бөлек, «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС-нің 18,4 пайыз акциясына иелік етеді. Сонымен қатар «Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы» ЖШС-дағы үлесі 166 пайызға тең.

Банк 1988 жылы құрылған. Қазақстандағы іргелі коммерциялық банктердің бірі. «Банк ЦентрКредиттің» негізгі иелері – Бақытбек Байсейітов (40,11%) пен Владислав Ли (9,23%).

2023 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығындағы таза пайдасы 103,6 млрд, меншікті капиталы – 382,3 млрд, жарғылық капиталы – 63,6 млрд теңгені құрады.

Былтыр «Банк ЦентрКредит» нарықтан 200 млн доллар қарыз алатынын хабарлады. Ол үшін қаржы ұйымы айналым мерзімі 12 айдан аспайтын облигацияларын шығарады. 

Сондай-ақ оқыңыз