Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатысты Үкіметтің бұрынғы және қазіргі тәсілдері нарықтық қағидаттарға қайшы – Halyk finance

Жарияланды (жаңартылды )
Halyk finance сарапшысы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатысты ойымен бөлісті / Фото: kursiv.media

Жақында үкімет елде сатылмаған пияз қорын нарыққа шығару шаралары қолға алынғанын хабарлады. Бұл артық қорлар әлемдік нарықта пиязға сұраныстың артуы жағдайында 2023 жылы экспорттық шектеулер салдарынан туындады. Үкімет мұндай шараларды азық-түлік қауіпсіздігі мен ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жасалып жатқан шара деп түсіндірді. Ал Halyk finance сарапшысы бұл қадамдарды ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін тиімсіз деп есептейді. Бұл туралы  Талдау орталығының маманы Санжар Қалдаров мәлімдеді.

«Ауыл шаруашылығы саласындағы нарықтық қатынастарға мемлекеттің тиімсіз араласуынан тауар өндірушілер шығынға ұшырауда», – деді сарапшы.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жиналып қалған пиязды өткізу қамына кірісті

Жақында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің өтпеген пияз қорын сату бойынша шаралар қабылданып жатқанын хабарлады.

Атап айтқанда, үкімет Әзірбайжан, Грузия, Сербия, Чехия, Тәжікстан және Ауғанстан сияқты елдерге 23 мың тоннаға пияз жеткізуге келісімшарттар жасасқанын. Сондай-ақ пиязды ішкі нарықта сату шаралары туралы хабарлады. Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қоймаларында әлі өтпеген 130 мың тонна өнім қалып отыр. Оның 114 мың тоннасы Жамбыл облысында, 16 мың тоннасы – Алматы облысында.

Бұның себебі неде?

Пияздың мұндай қомақты қорының жинақталуына Ауыл шаруашылығы министрлігінің өзі атап өткендей, 2023 жылы енгізілген экспорттық шектеулер ықпал етті.

«Осылайша, өткен жылдың басында Қазақстан Республикасының үкіметі пиязды басқа елдерге жеткізуге үш айға толық тыйым салған болатын. Содан сәуір айының басында бұл тыйым 20 мың тонналық квотаға ауыстырылды. Шектеулер 2024 жылдың ақпанында ғана алынып тасталды. Оған дейін тауарды көлікпен тасымалдауға рұқсат алу сынды шектеу болды. Мұндай шектеулерді енгізуге Орталық Азия мен Пәкістандағы ауа райының нашарлауына байланысты көршілес елдердің пиязға деген сұранысы себеп болды», – деп есептейді маман.

Санжар Қалдаровтың пікірінше, экспортқа қойылған шектеулердің кесірінен ауылшаруашылық тауар өндірушілері өткен жылы орасан шығынға ұшырады. Өйткені қоймаларда жиналған өнімдердің бір бөлігі бұзылып немесе арзан бағамен сатылды. Содан кейін үкімет мұндай шараларды азық-түлік қауіпсіздігі мен ішкі нарықты қамтамасыз ету қажеттілігімен байланыстырды.

«Өткен жылдан қалған өнімді қосқанда пияз қорлары 1,1 миллион тоннаны құрады. Бұл ішкі нарықтың тұтыну көлемінен 3,5 есе дерлік жоғары. Дәл осы артылған пиязды Үкімет қазір ел ішінде де, шетелде де белсенді түрде сатуға тырысуда», – деп түсіндірді сарапшы.

Санжар Қалдаровтың пайымынша, бұл мысал мемлекеттің нарықтық қатынастарға, сыртқы саудаға араласуы ауыл шаруашылығындағы тиімсіздікке қалай әкелетінін тағы да айқын көрсетеді. Бұған дейін дәл осындай жағдай күнбағыс тұқымдары мен бидай дақылдарына қатысты жағдайда байқалды. Тауар өндірушілерге соңғы жылдары экспортқа шектеулер жиі салына бастады.

«Ауыл шаруашылығы саласын дамытуды қолдауға қатысты үкіметтің бұрынғы және қазіргі тәсілдері нарықтық қағидаттарға қайшы келеді. Тәжірибе көрсеткендей, азық-түлік қауіпсіздігімен, шын мәнінде, өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз етуге негізделген сыртқы сауда саласындағы кез келген шектеулер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің кірісі үшін ауыр зардаптарға әкеледі. Мемлекет бұндай үдерістерге командалық-әкімшілік әдістермен араласпауы керек», – деді маман.

Еске сала кетсек, Қазақстанда 2023 жылы 1,1 млн тонна пияз өндірілген. АШМ сұраныстан 3 есе артық өнімнің бүлініп жатқанын растады.

Министрліктің хабарлауынша, импорттаушылар тарапынан 2023-2024 жылдардың маусымында сұраныстың төмендеуі аясында артық өндірісті Ресей аумағы арқылы Балтық жағалауы мен Грузияға жөнелту жоспарланған. Бірақ көлік логистикасы мәселесі пияз қорларының жиналуына және бағаның төмендеуіне әкелді. Күн жылып, бейімделген қоймаларда пиязды сақтау мәселесі туындады. Бұл ретте тоңазытқыш жабдығы бар мамандандырылған қоймалар жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз