Бектенов Астана маңындағы су қоймаларын тексерді: қаланы су басу қаупі жоқ

Жарияланды
Үкімет Астана маңындағы су қоймаларындағы жағдай тұрақты екенін хабарлады / Фото: Үкімет

Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек және Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановпен Астана маңындағы су қоймаларына барып, ондағы жағдайымен танысты. Үкіметтің хабарлауынша, жағдай тұрақты.

Сапар барысында Бектенов Астана қаласы арқылы тасқын суларды өткізуге және ықтимал су тасқынынан қорғауға арналған Астана контрреттегішінің жұмысын тексерген.

Астаналық контрреттегіште судың ағуы қазір секундына 30 текше метрді құрайды. Ал контрреттегішке келіп жатқан ағын су секундына 248 текше метр. Осыған орай контрреттегіштің су ағызу қабілетін секундына 40 текше метрге дейін арттыру жоспарланып отыр.

Бірақ бұл көлемдегі ағызу Астанаға су тасқыны қаупін тудырмайтыны айтылға.

«Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметтері бойынша ахуал тұрақты және ұдайы бақылауда, Астана қаласын су басу қаупі жоқ»,- делінген үкімет хабарламасында.

Үкімет басшысы Майбалық көлі мен Вячеслав су қоймасының жағдайымен танысқан. Сондай-ақ Бектеновке Астана су қоймасындағы жағдай туралы баяндалған. Соңғы мәліметтерге сәйкес қоймадан су ағызу секундына 400 текше метр деңгейінде. Жалпы су қоймасының көлемі 409 млн текше метрді құрайды.

Сонымен бірге өңірдегі Преображенский торабында су қалыпты деңгейге келе бастаған. Нәтижесінде Нұра өзені арқылы торапқа құятын су ағыны азайған.

Соған қарамастан Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдігі жақын маңдағы елді мекендер мен қалаларды су басудың алдын алу бойынша бірлескен жұмыстар жүргізіп жатқаны айтылған.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша жедел штаб Астана, Қосшы қалалары мен Тайтөбе ауылындағы су қоймаларынан су жіберу деректері бойынша жасалған болжамдарды ескере отырып, су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізеді.

Еске сала кетсек, Су ресурстары және ирригация министрінің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева Ақмола облысындағы 2 ірі су қоймасы орта есеппен 99%-ға толғанын айтты. министрлік хабарлауынша, 2 нысан да транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр. Ал Ақтөбе облысындағы 2 ірі нысанның су жинау көрсеткіші орта есеппен 95%-ды құрайды. Нысандар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Су ағынының азаюы байқалады. Шығыс Қазақстан облысындағы 5 ірі қойманың орташа су жинау көрсеткіші – 62%. Олардың барлығы штаттық режимде жұмысын жалғастыруда.

«Батыс Қазақстан облысында 4 ірі су қоймасы орта есеппен 59%-ға толды. Олар да штаттық режимде жұмыс істеуде. Қарағанды облысының 4 ірі су қоймасы бойынша су жинау көрсеткіші – 98%. Өңірде су тасқыны кезеңі өтті. Қостанай облысындағы 2 ірі су қоймасы орта есеппен 95%-ға толды. Аймақта су тасқыны байқалады. Солтүстік Қазақстан облысының 2 ірі су қоймасы 100% толды»,- деді Әбдуалиева.

Сондай-ақ оқыңыз