Еуропаның бірқатар елдерінде Салтанат Нүкенованы қолдауға бағытталған бейбіт шеру өтті

Жарияланды
Салтанат Нүкенованы
Салтанат Нүкенованы қолдауға бағытталған бейбіт акциялар Италия мен Германияда өткен / Фото: kursiv.media

Еуропаның бірқатар елдерінде Салтанат Нүкенованы қолдауға бағытталған митиң өткізілді. Бұл жайлы әлеуметтік парақшаларда жарияланып жатыр.

7 сәуір күні Италиядағы студенттер Сицилияның Мессина қаласында Салтанат Нүкенованы қолдау мақсатында бейбіт шеру өткізген. Олар «Заң Салтанат құрсын» деген үндеумен шыққан. Сонымен бірге ұрып-соққаны үшін, тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жаза қарастыру мәселесін көтерді.

Сонымен бірге Берлинде де бейбіт шеру ұйымдастырылды. Еркін митиңге 120-дан астам адам жиналған. Олар да Қазақстанда мұндай қылмыс үшін жауапкершілікті қатаңдатуды талап еткен. Сонымен бірге жастар Қуандық Бишімбаевқа өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын қарастыруды сұрады.

«Берлинде Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы акцияға ондаған адам қатысты. Шеруге елдің бұрынғы экономика министрінің әйелі Салтанат Нүкенованың жан түршігерлік өлімі себеп болды. Айыптаушылардың айтуынша, Салтанатты күйеуі Қуандық Бишімбаев 2023 жылдың қарашасында мейрамхананың VIP кабинасында сегіз сағат бойы ұрған. Қазір бұл іс бойынша сот процесі жүріп жатыр, бірақ Бишімбаев өз кінәсін мойындамай отыр»,- деп жазды DW басылымы X әлеуметтік желісінде.

Еске сала кетсек, қазіргі таңда Қуандық Бишімбаевтың үстінен сот жүріп жатыр. Сотта Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді марқұм қарындасына қатысты жаңа деректерді жария етті. Жәбірленуші Нүкенованың Бишімбаевтан кетуінің нақты себебін айтпағанын жеткізді. Салтанат Нүкенова өзін қауіпсіз сезінбейтінін, ұйқысы қанбайтынын, енді Қуандықпен бірге болғысы келмейтінін айтқан.

Өз кезегінде Бишімбаев «айыпты мойындамайтынын» жеткізді. Бишімбаевқа қылмыстық кодекстік 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша және 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген қылмыстық әрекетті жасады деген айып тағылған. Сот процесі барысында Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамады. Істі алқабилердің қатысуымен және ашық режимде қарауды сұрады.

Сонымен қатар Қуандық Бишімбаев тергеу изоляторында өзіне қол салмақ болғанын айтты. Бірақ прокурор Бишімбаевтың жауабы шындыққа сәйкес келмейтінін жеткізді.

«Бишімбаев қамауға алынған 5 айдан бері процесcуалдық прокурор ретінде тергеу изоляторына қойылған видеокамера арқылы сотталушыны жеке бақыладым. Бес ай ішінде өзіңізге бірде-бір рет жарақат салуға тырысқан жоқсыз. Сол күні не себепті куәгердің алдында имитация жасадыңыз?»,– деді қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптаушы.

Ал бүгінгі сотта Бишімбаев қайғылы оқиға болған күні не себепті көріпкелге хабарласқанын айтты.

«Көрікпел деп атаған кісінің медициналық білімі бар-жоғынан хабарыңыз бар ма?», –  деп сұрады адвокат Жана Уразбахова.

«Бұл маған белгісіз, бірақ мен үнемі оған сендім»,– деп жауап берді Бишімбаев.

Жанна Уразбахова жанында медициналық көмекті қажет етіп жатқан әйеліне басқа қалада тұратын көрікпел қалай көмектесуі мүмкін екенін нақтылады.

«Ол (Салтанат Нүкенова – ред.) ұйықтап жатты. Мен оған (көрікпелге – ред.) сенім арттым. Бизнеске қатысты сұрақтарыма дұрыс жауап беретін. Салтанаттың мұрны ісіп, беті көгере бастады. Оның неге алып келетінін білгім келді. Көріпкел «кешке дейін ұйықтап, жақсы болады. Ішімдік ішті, шаршады», деді», – деп жауап берді Бишімбаев.

Сондай-ақ оқыңыз