Су тасқынына қатысты ахуал: 14 автомобиль жол учаскесінде қозғалыс шектелген, Есіл өзенінде су деңгейі көтеріліп жатыр

Жарияланды
Су тасқыны басталғалы 72 284 адам эвакуацияланған / Фото: ТЖМ

Қазақстанның 7 жол учаскесінің 3206 метріне су жайылған. Осыған орай 14 автомобиль жолдарында қозғалысқа шектеу енгізілген.

«2024 жылғы 8 сәуірдегі сағат 07:00-дегі жағдай бойынша халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында ауа райының жылынуы мен қардың тез еруі салдарынан Атырау, СҚО, Павлодар, Қостанай облыстарының7 жол жүру учаскесінде жалпы ұзындығы 3206 метр болатын су тасқыны болды», – делінген баспасөз хабарламасында.

«Қазавтожол» хабарлауынша, Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Қостанай, Павлодар, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарында республикалық маңызы бар 14 автомобиль жолдарында ұзындығы 679 км қозғалысқа шектеу қойылған.

Өңірлердегі ахуал

Өңірлердегі су тасқынына қатысты жағдай әлі де күрделі. Су тасқыны басталғалы бері Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында 3702 жеке тұрғын үй, 562 аула аумағын, 1822 саяжай үйін су басқан. Сонымен бірге әртүрлі мақсаттағы 73 ғимарат пен 155 автожолды су басқан. 72 284 адам, оның ішінде 17 217 бала құтқарылып эвакуацияланған.

«Уақытша орналастыру пунктерінде 14 430 адам, оның ішінде 7 216 бала жеткізілді, 68 932 ауыл шаруашылығы жануарлары қауіпсіз қашықтыққа айдалды. «Жедел желі» телефондарына 1009 қоңырау келіп түсті. 20 өңірде республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істеуде»,- делінген ТЖМ хабарламасында.

Ал СҚО-да Есіл өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты өзен маңында орналасқан ауыл тұрғындары алдын ала эвакуацияланған. ТЖМ хабарлауынша, Есіл ауданында Николаевка, Бірлік ауылдарында және Шал ақын ауданында Қаратал ауылында су деңгейінің көтерілуіне байланысты Есіл өзенінде тұрғын үйлерді су басу қаупі туындаған. ТЖД және ЖАО күштері арқылы шамамен 40 адам және 15-ке жуық бірлік техника көмегімен 105-ке жуық адам, оның ішінде 37 бала алдын ала эвакуацияланып, туыстары мен эвакопункте орналастырылған.

Жалпы авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, Қорғанысмині, ІІМ, ҰГ, ҰҚК және жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдардан 13620-дан астам адам және 1265 бірлік техника, 386 су айдау құралдары мен 83 жүзу құралдары және 7 әуе кемесі жұмылдырылған.

Еске сала кетсек, су тасқынына байланысты Атырау облысының аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Атырау облысы дайындықты күшейтті. Сәуір айының орта тұсында өзен арнасындағы судың тасуы ең жоғарғы шегіне жетеді деп болжануда. Жайықтың жоғарғы бетінде орналасқан Ресейдің Орынбор облысынан сағатына 3,6 км жылдамдықпен тасқын су ағып келеді. Атырау қаласы жанындағы ескі Сарайшық жұртын сақтап қалу мәселесі де өте өзекті.

Жем өзенінің деңгейінің жоғарылауына байланысты Құлсары қаласының 2 810 үйін су басқан.  Қазіргі уақытта Қызылқоға мен Жылыой аудандарында ахуал күрделі. Қаладағы су тасқыны салдарынан екі адамның қаза болған.

Сондай-ақ оқыңыз