Жаңалықтар

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі: РФ мен ҚР қарым-қатынасына қатысты фейк ақпараттар жиі тарайды

Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арақатынасы туралы теріс ақпараттар жиі тарайды/kursiv.media

Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арақатынасы туралы теріс ақпараттар жиі тарайды. Әсіресе, кейінгі жылдары көрші елден Қазақстан туралы ұшқары пікір айтатындар көбейді. ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров кейінгі жылдары ел бірлігіне сызат түсетін ақпараттың көбейгені аңғарылатынын айтты.

– Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы тең дәрежеде. РФ – стратегиялық әріптесіміз. Осыған байланысты әртүрлі құралдарды пайдаланып, фейк ақпараттар тарату күшейіп келе жатқанын байқаймыз. Бұл жағымсыз үрдіс бірте-бірте ұлғайып келеді, – деді Айбек Смадияров.

СІМөкілі РФ Мемлекеттік дума депутаттарының пікірін ресми мәлімдеме деп қабылдамау керек деп санайды.

– Мемдума депутаттары өздерінің электораты үшін жауап беретін өкілдер ғой. Мемлекеттік дума 400-ден астам депутаттан құралады. Олардың әрқайсысының пікірі әрқилы. Негізінен, депутаттар ресми билік атынан сөйлей алмайды. Өздерінің мүддесін қаузап, электоратының алдында ұпай жинағысы келуі мүмкін. Ал Ресеймен ресми қарым-қатынасымыз өте жақсы деңгейде, – деп атап өтті Айбек Смадияров.

«Соған қарағанда Ресейдегі электораттың ақпарат майданына деген қызығушылығы байқалады ғой?», – деген сауалға «Өзге елдегі ахуалды талқылай алмаймын. Біздің тарапқа қатысты сұрақтарға жауап бере аламын», – деп қысқа қайырды министрлік өкілі.

Айта кетейік, жуырда Ресей мемлекеттік думасының депутаты Мәскеудегі лаңкестік оқиғадан кейін Орта Азия елдерімен визасыз режимді тоқтату керектігін мәлімдеген. Миронов көші-қон үрдісін қадағалау қажеттігін айтқан. Депутат тіпті «Көршілес мемлекеттер аумағында экстремистік элементтер жиналуда» деген ойын ашық айтып та тастады.

Наурыз айында Мәскеудегі «Крокус Сити Хол» залында лаңкестік шабуыл орын алды. Қарумен жарақтанған лаңкестер қанды қасап жасап, жарылғыш зат лақтырды.  Бұл терактіні «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы мойнына алғаны туралы ақпараттар жарияланды. Осы атышулы оқиғаның ізін суытпай, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын шұғыл өткізді. Тоқаев лаңкестік шабуылды айыптайтынын жеткізді.

РФ Мемдума депутаттары мұндай мәлімдемелермен оқтын-оқтын ел назарына  шығып тұрады. 2023 жылдың қараша айында ҚР Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов РФ Мемлекеттік думасының депутаты Евгений Федоровтың айыптауына қатаң түрде жауап берген еді. Федоров «Қазақстан аумағы заңды түрді бекітілмеген» деген сыңаржақ ойын айтқан еді.

«Әріптестер, ресейлік Дума депутатының Қазақстанға қатысты айтқан жағымсыз пікірін тыңдау әдетке айналды. Біздің тәуелсіздігіміз бен территориялық тұтастығымызға қатысты провокациялық, жалған пікір білдіруімен танылған депутат Федоров осы жолы да дәлелсіз хайп жасап отыр», – деген  Бәшімов ресейлік депутат Путин саясатына қарсы шығып отырғанын да алға тартты.