«Әзірге сырттан гуманитарлық көмек қажет емес» –  СІМ су тасқыны жайлы

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстан әзірге гуманитарлық көмекке мұқтаж емес /kursiv.media

Елдегі су тасқынына байланысты бауырлас елдер қолдау білдіріп, көмек көрсетуге дайын екендерін жеткізіп жатыр. Алайда Қазақстанға әзірге сырттан гуманитарлық көмек қажет емес. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.

Ресми өкілдің айтуынша еліміздегі бірқатар өңірде болған су тасқынына байланысты Қырғыз Республикасы өз бастамасымен көмек көрсеткен.

«Осыдан  екі күн бұрын Қырғыз Республикасы  төтенше жағдай министрлігінің 15 жүк көлігі мен 1 жол талғамайтын көлігі Қазақстан шекарасын кесіп өтті. Онда 300 тонна жүк бар. Мысалы, су, күріш қарақұмық жармасы, кәмпит, шай қант тағы да басқа азық-түлік түрлері бар. Жылытқыштар, керуеттер, шатырлар сынды қажетті заттар жолданды», деп мәлімдеді СІМ ресми өкілі.

Айбек Смадияров Қазақстанға көптеген бауырлас, достас елдерден де жеделхаттар келіп жатқанын атап өтті.

«Олар өз қолдауларын көрсетіп жатыр. Бірақ оған қарамастан, елде оперативтік штаб ашылды. Премьер-министрдің барлық орынбасары тиісті өңірлерге шығып кетті. Сол өңірлерді бақылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Материалдық резервтің әлеуетін қолданып жатырмыз. Оған «Қазақстан Халқына» қоры қосылды, халық өзі жабылып көмектесіп жатыр. Үкімет осы бағытта толыққанды жұмыс жүргізіп жатыр. Әзірше өзіміз үлгеріп жатырмыз», – деді СІМ ресми өкілі баспасөз мәслихатында.

Смадияров БАҚ өкілінің көмек көрсетудің нақты регламенті бар ма деген сауалына да жауап берді.

«Нақты регламент жоқ. Қандай да бір ел көмектсемін десе көмегін бере жатар. Бірақ халықаралық тәжірибеге сәйкес егер бір мемлекетте осындай жағдай  болып өзі сұраса әрине береді. Сұрамаса көмек бермеуге болады», – деп түсіндірді ол.

Еске салайық, бұған дейін Қырғызстан Қазақстанға 270 тонна гуманитарлық көмек жөнелткені туралы хабарлаған едік.

Қазақстанның су тасқынынан зардап шеккен өңірлерінің тұрғындарына азық-түлік, киім-кешек, матрастар жеткізіледі.

Қызғызстан министрлер кабинеті гуманитарлық көмекке 40 миллион сом бөлді.

Еске сала кетсек, 4 сәуір Жогорку Кенеш отырысында министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров Қырғызстан Қазақстанға гуманитарлық көмек жіберуге дайындалып жатыр деп мәлімдеді.

Жапаров Бішкек жылу электр орталығында болған апаттан кейін, Қазақстан Республикасы Қырғыз Республикасына көмек қолын созғанын айтқан.

«Олар бізден көмек сұрамаса да, бұл жағдайда біз оларға гуманитарлық көмек жібереміз деп шештік. Мен осы сәтті пайдаланып Өзбекстанға, Түркіменстанға және Қазақстанға алғысымды білдіремін. Президенттің көрші елдермен жүргізіп отырған достастық саясатының нәтижесінде олар біз сұрамай тұрып-ақ көмек қолын созды», – деді Ақылбек Жапаров.

Сондай-ақ оқыңыз