Жаңалықтар

Энергетика министрлігі мақұлдаса, Caspian Sunrise «Батыс Шалва» кен орнын игеріп отырған CS Energy компаниясын 15 млн долларға сатып алмақ

Мұнай компаниясы қаншаға сатылмақ Фото: kursiv.media

Caspian Sunrise жалпы сомасы 15 миллион долларға «Батыс Шалва» келісімшарт аймағын игеру лицензиясын иеленетін «CS Energy» ЖШС-ні сатып алуға ниетті.

Компания хабарламасына сәйкес, бұл келісімді компания акционерлері мақұлдауы шарт. ҚР Энергетика министрлігі де өз рұқсатын беруі керек. 15 млн доллар қаражат үш бөліп төленетіні атап өтілген.

«5 миллион доллар бір акция үшін 4 пенс бағасымен 99 206 349 қарапайым акция шығару арқылы төленеді. Батыс Шалва кен орнында мұнай өндіру басталғанда 5 миллион доллар қосымша 99 206 349 қарапайым акция шығару арқылы төленеді. Ал соңғы транш Батыс Шалвадан 5 миллион доллар көлеміндегі бірінші кіріс болғанда жіберіледі», – делінген ақпаратта.

Caspian Sunrise Орталық Азиядағы, әсіресе, Қазақстандағы мұнай-газ активтеріне қатысу үлестерін алу және дамытуға басымдық бермек.

Батыс Шалва келісімшарт аймағы – шамамен 25 шаршы шақырым аумақты қамтиды. Ол Маңғыстау облысының мұнайлы Қарақия ауданында орналасқан. Мұнай қоры тәулігіне 5 млн баррельге, ал өндіру көлемі тәулігіне 400 баррельге жуықтайды.

Бұл аймақта мұнай өндіру құқығын CS Energy компаниясы иеленеді. Ал egov.kz дерегіне сүйенсек, осы компанияның басшысы да, негізгі құрылтайшысы да – Алтынбек Болатжан деген азамат.

Ал Caspian Sunrise таратқан релизде Алтынбек Болатжанның Сaspian Sunrise атқарушы директоры Қуат Оразиманның немере інісі екені көрсетілген.

Оразимандар отбасы Сaspian Sunrise-тің 48,41 пайыз акциясына иелік етеді. Соның ішінде 46.52 пайыз акциясы Айбек Оразиманға тиесілі болса, 1.19%-на жоғарыда аты аталған Алтынбек Болатжанның еншісінде.

Caspian Sunrise PLC – 2006 жылдың қазанында негізі қаланған және 2007 жылы Лондон қор биржасының баламалы инвестициялық нарығында тіркелген мұнай-газ барлау және өндіру компаниясы.

Осы уақытқа дейін компания Каспий теңізінің маңындағы 1561 шақырым далалық және транзиттік аймақ арқылы төрт терең және 15 таяз ұңғыма қазған.

2022 жылы өзі шығарған мұнайды сататын арнайы компания құрған. Бұл мұнайдың таза бағасын барреліне 5-10 долларға қымбаттатуға мүмкіндік береді.