Жаңалықтар

Бишімбаев ісі: сот-медициналық сарапшы Нүкенова алған жарақаттарды көрсетті

Сот отырысына Салтанат Нүкенованың мәйітіне сараптама жүргізген сарапшы қатысты/коллаж: kursiv.media (видеодан скриншот жасалған)

Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр.

9 сәуірдегі сот отырысына Салтанат Нүкенованың мәйітіне сараптама жүргізген сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров қатысты. Ол манекенде марқұм алған жарақаттарды белгілеп, алқабилерге оның әсерін түсіндірді.

«Барлығы белгіленген. Бәрі бірге бас жарақаты саналады. Оған бас та, бас сүйегі де кіреді. Көк түспен қанталау, қызыл түспен жарақат белгіленген. Сарапшы қорытындысында бас-ми жарақатының құрамдас бөліктерін көрсету арқылы сот-медициналық диагноз қойылды. Оған қанталау, жарақаттың бәрі кірді. Барлық зақым мидың зақымдалуына әкелетін сыртқы әрекет ретінде қарастырылады. Сондықтан бастапқы сараптама қорытындысындағы судбуральды гематома түріндегі сыртқы және бас сүйек ішіндегі барлық зақымдану – қатты қабық пен ми арасында қан кету. Жұмсақ қабықтың астына қан кету мишықта, мидың бағаналы бөлігінде анықталды. Мұның бәрін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды, яғни осы жарақаттың барлығы өлімге себеп болған», – деді сот-медициналық сарапшы.

Прокурор Айжан Аймағанова сарапшыдан «соққы-травматикалық әсер дегеніміз не?» деп сұрады.

«Қарапайым тілмен айтсақ, бұл – басқа тиген соққы. Ақыл-есі қалпындағы адам басынан мұндай жарақат алмайды. Адам құлаған кездің өзінде де басын қорғайды. Адам жазық жерде тұрып құлаған кезде мұндай жарақат алмайды», – дейді Тахир Халимназаров.

Судья Айжан Құлбаева сот-медицианалық сарапшыдан «қарапайым тілмен айтсақ, басына соққы тигеннен бөлек, жәбірленушіні буындырған ба»,деп сұрады.

«Иә, буындырған», – деп жауап берді Тахир Халимназаров.

8 сәуір күнгі сот отырысында марқұм Салтанат Нүкенованың өлімін тіркеген дәрігер тараптардың сұрағына жауап берген.

Көшпелі бригада дәрігері Нұрлан Мұхамбеденовтің айтуынша, жедел жәрдемге шақырту 19:55-те түскен. Мамандар оқиға орнына 8 минутта жеткен.

Жедел жәрдем мейрамханаға келген кезде оларды сотталушы Бақытжан Байжанов күтіп алып, 2-қабаттың VIP залына дейін еріп жүрген.

«Байжановпен сөйлескен жоқпыз, ол 2-қабаттағы VIP залды көрсетті. Кірсек, жалаңаш әйел диван үстінде жатыр екен, үстін көрпемен жауып қойған. Бірден қарауға кірістік. Еденге жатқызып, реанимация әрекетін жасай бастадық. Екі ер адам сөйлесіп тұрды, шығуын сұрадым. Ол екеуі – Бишімбаев пен Байжанов»,– дейді куәгер.

Айтуынша, жанында көлік жүргізушісі мен көмекшісі болған. Үшеуі реанимация бригадасы саналады. Көмекшісіне арнайы аппаратты қосуды сұраған. Сол уақытта Нүкенованың ес-түссіз тыныс алмай жатқанын анықтаған. Айтуынша, әйелдің беті де көрпемен жабылып жатқан.

2023 жылы 9 қарашада Bau мейрамханасында экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен ұсталды.

9 қаңтарда Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы адвокат Жанна Оразбахова Instagram парақшасына жазған болатын.

Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесі 11 наурызда басталды. Бишімбаевқа қылмыстық кодекстік 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша және 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген қылмыстық әрекетті жасады деген айып тағылған. Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді. Сот алқабилерінің қатысуымен өтіп жатыр.

Ал 1 сәуірде экс-министр қылмыстық кодекстің 110-бабы («қинау») негізінде қорғау тарапының сұрағына жауап берген еді. 3 сәуірде өтіп жатқан сот отырысында қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі («аса қатыгездікпен адам өлтіру») негізінде сұрақтарға жауап берді. 4 сәуірдегі сот отырысында сотталушы айыптау тарапының сұрақтарына жауап берген.