Журналист Асхат Ниязов telegram арнасындағы жазбасы үшін сотқа шақырылды

Жарияланды
Журналист Асхат Ниязов telegram арнасындағы жазбасы үшін сотқа шақырылды / DOPE SOZ подкастынан кадр

Журналист Асхат Ниязов ҚР СІМ-нің «Азаттық» радиосының кейбір журналистерін аккредиттеуден бас тартқаны туралы ақпаратпен бөліскені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Оған ҚР ӘҚБтК-нің «жала жабу» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.

Хаттамаға сәйкес, Ниязов өзінің telegram арнасында «Азаттық» радиосының журналистері аккредитация ала алмағаны туралы ақпаратты жариялаған. Алайда 2024 жылы 1 ақпанда бұл ақпарат ресми түрде жоққа шығарылған.

«Қаңтар айының соңында ProTenge «Азаттық» аккредитация ала алмады деп жазды. Мен оны telegram арнамда бөлістім. Міне осы үшін (хаттама толтырылды -ред.) Бірақ ProTenge-ге бір рет те хабарласпаған», – деді Асхат Ниязов.

Журналист ҚР ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық жасады (басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін немесе оның беделіне нұқсан келтіретін, көпшілік алдында, БАҚ немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жасалған көрінеу жалған мәліметтерді тарату) деген күдікке ілінді. Бұл заң бойынша 180 АЕК (665 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салуға немесе 20 тәулікке әкімшілік қамауға алуға болады.

Істі сотта қарау 9 сәуірге, сағат 15:00-ге жоспарланған.

Осыған дейін журналистер Сенат төрағасынан «Азаттық» радиосының кейбір журналистерін СІМ аккредитациядан өткізбегеніне қатысты пікір білдіруін сұраған. Әшімбаев елде сөз бостандығы бар екенін мәлім етті. Ал «Азаттық» радиосы журналистерінің аккредитациядан өтпеуіне Қазақстан заңнамасын бұзғаны себеп болғанын айтты. 

Ал Халықаралық «Журналистерді қорғау комитеті» Қазақстан билігінің «Азаттық радиосының» 36 тілшісіне аккредитация бермеу туралы шешіміне қатысты пікір білдірген.

«Азат Еуропа радиосы/Азаттық радиосы» қазақ қызметі шынайы әрі сенімді ақпарат көзі ретінде танылған. Биліктің осындай негізсіз сылтаумен журналистерді аккредиттеуден жаппай бас тартуы алаңдаушылық туғызады. Президент Тоқаевтың баспасөз бостандығына қатысты мәлімдемесін бұзады»,– делінген ұйымның ресми сайтында жария болған ақпаратта.

Комитет Қазақстан билігін «Азаттық» журналистеріне қажетті құжаттарды беруге шақырды. Олардың өзге БАҚ өкілдері сынды еркін әрі кедергісіз жұмыс істеуге құқылы екенін атап өтті.

2024 жылдың қаңтар айында қазақстандық журналист және «Обожаю» YouTube-арнасының авторы Асхат Ниязов өзінің WhatsApp аккаунты бұғатталғанын мәлімдеді. Бұған қоса, оның әйелі, ата-анасы мен әріптесі Назымгүл Күміспаевға да хакерлік шабуыл жасалған.

Сондай-ақ оқыңыз