Орынборда дабыл қағылып, тұрғындарды қауіпті аудандардан шұғыл эвакуациялауды талап етіп жатыр. Аймақта түнде су деңгейі 25 см-ге көтерілген. Қауіпті деңгейге дейін 33 см ғана қалған.
Орынбор қаласы әкімдігінің хабарламасына сәйкес, Жайық өзеніндегі су деңгейі қауіпті белгіге жақындап, 897 см құраған.
«Су тасқыны болуы мүмкін аймақтағы кез келген адам дереу эвакуациялануы керек», — деп талап еткен әкімдік.
РБК ақпаратына сүйенсек, Орынборда су деңгейі түнде 25 см-ге көтерілген. Қауіпті белгіге жеткенге дейін 33 см қалған. Билік алдағы тәулікте Жайық және Сакмара өзендеріндегі су деңгейі 5-40 см өседі деп күтеді. Осының әсерінен Орынбордың бірнеше аудандары, Оңтүстік Орал, Горный, Форштадт, Весенний, Кузнечный, Нежинка аймақтарын су басқан.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ресей Федерациясынан басталатын 5 трансшекаралық өзенде су деңгейі көтеріліп, елеулі қауіп төндіруде. Су тасқыны басталғалы Жайық өзенінің Орал қаласының тұсындағы су деңгейі 676 сантиметрге жетті. Қауіпті деңгей – 850 сантиметр.
Орынбор облысы су ресурстары бөлімінің мәліметі бойынша, Жайық өзеніне Ириклин су торабы арқылы келетін су көлемі секундына 2 150 текше метр дейін артқан. Екі күн бұрын бұл көрсеткіш 790 текше метр шамасында болды. Ал Жайыққа құйылатын Сақмар, Елек және Шыңғырлау өзендерінде биыл су молынан. Егер Ириклин қоймасынан жіберілген су келіп жетсе, шаһарға қауіп төнуі мүмкін.
Орск маңындағы Жайық суының деңгейі 2 сағатта 9 см-ге төмендеді
Ресейдің РИА НОВОСТИ басылымы хабарлағандай, Орск облысындағы Жайық өзенінің су деңгейі екі сағатта 9 см-ге төмендеген. Алайда оның қауіптілік деңгейі әлі де жоғары.
«Жағдай шиеленіскен күйінде қалып отыр, бірақ су басқан қаланың кейбір аудандарында су тартыла бастады. Орск облысындағы Жайық өзенінде су деңгейі 2 сағатта 9 см-ге төмендеді, бірақ әлі де қауіпті белгіден жоғары тұр. Өлшеу бекеттерінде үздіксіз мониторинг жүргізілуде», – делінген хабарламада.