Армения Сыртқы істер министрі ТМД елдері Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатыспайды

Жарияланды
Армения
Армения Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі министрдің 12 сәуірде Минскіде өтетін отырысқа бармайтынын хабарлаған / Фото: kursiv.media

Армения Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше елдердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатыспайды. Бұл туралы Армения басылымдары хабарлады.

«Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатыспайды», – деп хабарлаған Арменияның Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Жоспар бойынша бұл кездесу 12 сәуірде Минскіде өтуі керек.

Армения бұған дейін ЕО-ның бір бөлігі болу ниетін жариялады. Арарат Мирзоян Арменияның дамудың демократиялық жолын таңдағанын және Брюссель мен Вашингтон елдің бұл ниетін қолдайтынын мәлімдеген болатын.

Таулы Қарабақ

Негізінен Мәскеу мен Ереван арасындағы қарым-қатынас Таулы Қарабақтағы соғыс кезінде нашарлады. Нәтижесінде өңірде тұратын 100 мыңнан астам армян халқы Арменияға көшті. Ал мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасы тарайтынын мәлімдеді.

Сондай-ақ Ереван ҰҚШҰ мен Мәскеудің келісімшарт бойынша міндеттелемелерін орындамай отырғанын алға тартып, ұйымның бірталай жиынына қатысудан бас тартты. Мәселен, Арменияның Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Армен Григорян республиканың Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан «ешқандай үміт күтпейтінін» айтқан. Ол:

«2020 жылдан бастап Әзербайжан Арменияға үш рет ауқымды шабуыл жасады, осы кезде ҰҚШҰ Арменияға ешбір көмек көрсеткен жоқ», – деп ренжіді.

Пашинян өз кезегінде Армениядағы жағдай ҰҚШҰ беделіне әсер етпей қоймайтынын мәлімдеді.

«Бүгін ҰҚШҰ қызметіне қатысты көңіліміз қалғандай күйде тұрмыз, өйткені ҰҚШҰ – Армения қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі тетіктің бірі еді. Бірақ 2021 жылдың мамыр-қарашасы мен 2022 жылдың қыркүйегіндегі Әзербайжанның Арменияға қарсы арессиялы әрекеті кезінде ҰҚШҰ-ның жөнсіз реакциясы, ең алдымен, Армения халқының көңілін қалдырды. Өйткені олар ҰҚШҰ сенімді қауіпсіздік тетігі екеніне сенімді болды», – деді ол.

ҰҚШҰ-дан шығу ниеті

Осыдан кейін Ереван де-факто елдің ҰҚШҰ-ға қатысуын тоқтатты. Бұл жайлы Армения премьер-министрі Никол Пашинян Францияның France24 телеарнасына берген сұхбатында айтқан болатын. Ол ұйымның Арменияға қатысты ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімі, 2021-2022 жылдары орындалмағанын мәлімдеді. Мұның ел назарынан тыс қалмағанын айтқан ол, бұл келісімге қатысуын тоқтату туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

Ал осы жылдың ақпанында Армения премьер-министрі егер ұйым республика алдындағы қауіпсіздік міндеттемелерін орындамаса, ҰҚШҰ-ға мүшелігін де-юре жүзеге асыруы мүмкін екенін ескертті.

«ҰҚШҰ Армения алдындағы қауіпсіздік саласындағы міндеттемелерін орындаудың орнына, керісінше, Армения Республикасы үшін қиындықтар туғызып отыр»,  – деді Армения басшысы.

Пашинян альянста Арменияның тұрақты өкілінің жоқтығын және ұйымның жоғарғы деңгейде өткізілетін шараларына қатыспай жүргенін айтты. Ол сондай-ақ ҰҚШҰ-ның Армениядағы жауапкершілік аймағын анықтап алғысы келетінін жеткізді. Осы мәселені ұйым алдында көтергенін, алайда бұған ұйым мүшелерінен нақты жауап келмегенін атап өтті. Сондай-ақ бұл әрекеттерімен ұйымды армян-әзірбайжан арасындағы қақтығысқа итермелемейтінін жеткізді.

Осы жылдың наурызында Иаманғалии Тасмағамбетов Арменияның ҰҚШҰ құрамынан шығуы туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

«Халықаралық ұйым ретінде тәуелсіз мемлекеттің кез келген шешімін құрметтейміз. Дегенмен ұйымның қызметі толық көлемде жалғасады. Барлық рәсім ҰҚШҰ нормативтік базасына сәйкес толық сақталады. Қабылданған және жоспарланған шешім туралы хатшылық Еревандағы тиісті құрылымдарды жұмыс режимінде хабардар етеді», – деді Тасмағамбетов.

Тасмағамбетов Ереваннан ұйымға мүшелікті тоқтата тұру туралы ресми мәлімдеме түспегенін айтты.

«Мен де, Ұйым хатшылығы да ұжымда қабылданған регламенттер мен рәсімдерге сәйкес жұмыс істейміз. Сарапшылардың көмегімен Армения айналасындағы жағдайды және Арменияның ұйыммен қарым-қатынасын талдаймыз. Мен Армения элитасының кейбір іс-әрекеттері мен көңіл-күйі алаңдаушылық тудыратынын жасырмаймын. Бірақ біз Армения саяси басшылығы әр шешімді байсалды қабылдайды деген үміттенеміз», – деді ұйым бас хатшысы.

Сондай-ақ оқыңыз