СҚО-да Сергеевка су қоймасында су деңгейі көтерілуде: «Қазгидромет» Петропавл қаласы мен елдімекендерге су 12 сәуірде келеді деп болжайды

Жарияланды (жаңартылды )
Сергеевка су қоймасындағы су 418 см көтерілген / Фото: Су ресурстармы және ирригация министрлігі

СҚО-да алдағы 2-3 күнде су деңгейі көтеріліп, Есіл арнасынан шығуы мүмкін. Топан судың алдын алу үшін жергілікті әкімдіктер мен ТЖД-ға Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұлан қызметкерлері көмекке келген. Жағдайды премьер-министр Олжас Бектенов бақылауға алған.

Үкімет үйінің хабарлауынша өңірді топан судан сақтау жұмыстарына 3000-нан астам адам жұмылдырылған. Олар Петропавлда Есіл өзені арнасынан асып кеткен жағдайда қаланы және жақын маңдағы елдімекендерді су тасқынынан қорғауға арналған бөгеттерді нығайту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Атап айтқанда, су тасқынына қарсы іс-шараларға әкімдіктің, полиция департаментінің, Ұлттық ұлан бөлімшесінің және жеке ұйымдардың 1432 қызметкері мен 1200 ерікті қатысуда. Оған қоса премьер-министрдің тапсырмасы бойынша бүгін бұл жұмыстарға Қорғаныс министрлігінің 300 әскери қызметшісі келіп қосылған. Осылайша барлығы 3000 адамға жуықтаған.

«Жұмысқа жеке құрам мен Ұлттық ұлан жұмылдырылды. Полк те күшейтіледі. Қорғаныс министрлігі қосылды, сондықтан күш жеткілікті болуы керек. Қазір күш біріктіруіміз керек. Алдағы 2-3 күнде ауыр зардаптардың алдын алу үшін көп жұмыс істеу керек. Ең алдымен, адамдар зардап шекпеуі маңызды», – деді Олжас Бектенов.

Қазіргі уақытта Сергеев су қоймасындағы су деңгейі көтерілген. Сонымен бірге өңірде қарғын суды өткізу үшін автожол төсемдерін аршу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Баламалы бағыт қарастырылып, белгілер қойылып, кезекшілік ұйымдастырылған.

«Қазгидромет» болжамы

«Қазгидрометтің» СҚО-дағы директоры Қымбат Мерғалимованың айтуынша, бүгінде өңірдегі 19 гидрологиялық нысанға бақылау жүргізілген.

«Жалпы алғанда гидрологиялық жағдай келесідей: Ақанбұрлық, Бабықбұрлық, Шарық өзендері деңгейінің тұрақты төмендеуі байқалады. Бұл өзендер бойынша су деңгейінің көтерілуі бойынша шарықтау шегі өтті. Сонымен бірге Тоқсан би су бекетінде де ақырындап су деңгейінің түскені байқалады. Ал Сергеевка су қоймасындағы су деңгейі 418 см-ге көтерілген. Біз мұнда су деңгейі 420-430 сантиметрге көтеріледі деп болжағанбыз. Қоймадағы су деңгейі шарықтау шегіне жетіп, су тасқынының бірінші толқыны басталады. Бұл су Шал ақын, Есіл, Қызылжар аудандары мен Петропавл қаласы арқылы өтеді. Қазіргі уақытта аталған аудандар мен Петропавл бойынша бірінші толқынның қауіпті белгілері мен уақыты анықталды»,– деді «Қазгидромет» өкілі.

Мамандар болжамына сәйкес, Есіл ауданында су деңгейі 14 сәуір күні шарықтау шегіне жетеді. Ал Қызылжарда 21 сәуірде, Петропавлға Сергеевка су қоймасынан су 12-14 сәуірле келе бастап, 23 сәуірге дейін жалғасады.

Еске сала кетсек, Батыс Қазақстанда жүрген премьер-министрдің орынбасары Нұрлан Байбазаров Жайық өзенінің көтерілуіне байланысты Жайық бойындағы үйлер мен саяжайларда тұратын халық эвакуацияланатынын хабарлады.

«2024 жылғы 8 сәуірдегі жағдай бойынша өзендегі су деңгейі 703 см-ге жетті және әлі де көтерілуде. Былтырғы максимум 557 см болған. Су Ресей Федерациясы тарапынан тасқынға байланысты Ирикла мен Приузен су қоймаларынан қарқынмен жіберіліп жатыр. Эвакуациялық пункттер азаматтарды қабылдауға дайын», – деді Нұрлан Байбазаров.

Су тасқынына қатысты өңірлердегі ахуалға тоқтала кетсек, ТЖМ хабарлауынша 7 облыстағы 3 745 үй су астында қалған. ТЖМ өкілі Ерасыл Сайпаштың айтуынша, су тасқыны басталғалы 75 982 адам құтқарылған. Оның 18 681-і бала. Комитет өкілінің дерегінше, тәулік бойы авариялық құтқару жұмыстарына 16375 адам, тартылған. 

Сондай-ақ оқыңыз