Үкімет Ұлттық экономика министрлігіне қосымша құзырет берді. Енді министрлік Экспорттық-кредиттік агенттіктің жұмысын қадағалайтын болады. Үкімет қаулысы нормативтік-құқықтық актілердің эталондық банкінде жарияланған. Құжат 9 сәуірден өз күшіне енген.
Қаулыға сәйкес, Ұлттық экономика министрлігі туралы ережеге өзгеріс енгізілген. Министрліктің жаңа міндетіне Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі қызметінің жекелеген түрлерін жүзеге асыру шарттарын келісу кіреді. Аталмыш агенттік үшін тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру да ҰЭМ-ге жүктелмек.
Құжатта министрлікке агенттік үшін резервтер қалыптастыру және олар бойынша актуарлық есеп-қисап жүргізу қағидаларын келісу жүктелетіні жазылған. Одан бөлек, Экспорттық-кредиттік агенттігінің мемлекет кепілдік берген экспортты қолдау жөніндегі міндеттемесіне және қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіп отырады.
23 қаңтарда бұрын ұлттық экспорттық сақтандыру компаниясы мәртебесіне ие KazakhExport қызметіне өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойылды.
Жоба «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ еншілес компаниясы «KazakhExport» ЭСК» АҚ базасында экспорт-кредит агенттіктің (ЭКА) арнайы құқықтық мәртебесін қалыптастыруды, сондай-ақ шикізат емес экспортты қолдау мен дамытудың негізгі шараларын біріктіруді көздейді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бүкіл қажетті құралдарды біріктіре отырып, компания енді экспорттық несие агенттігі ретінде жұмыс істейді. Бұл ретте оған жаңа функциялар берілмек: экспорттық операцияларға кепілдік беру және сауданы қаржыландыру бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау.
ЭКА шикізат емес экспортты дамыту және күшейту жөніндегі ұлттық институт ретінде жұмыс істейтін болады. Бұл бизнестің экспорт мүмкіндігін кеңейтуді және қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
Экспорттық-кредиттік агенттік құру 2025 жылға қарай шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің ресурстық емес экспортының көлемін 41 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту, сондай-ақ операциялық қызметке араласпай-ақ Үкіметке және мүдделі мемлекеттік органдарға ЭКА есеп беру және бақылауда болу механизмдерін құру мүмкіндіктерін береді.