Қазақстанның сыртқы қарызы бір жылда 2 млрд долларға өскен. 2024 жылдың 1 қаңтарында сыртқы қарыз 162,7 млрд долларды құрады.
Ұлттық банк статистикасында борыштың бір жылда 1,3 пайызға артқаны жазылған. 2023 жылдың басында сыртқы борыш 160,7 млрд доллар болған. Оның басым бөлігі – фирма аралық қарыздар.
Ұлттық банк есебінде сыртқы қарызға: мемлекеттің сыртқы қарызы, жеке және мемлекеттік мекемелердің қарызы, сондай-ақ мемлекет кепілдік берген қарыз жатқызылған.
2023 жылдан сыртқы борыш төлем балансы бойынша операциялар есебінен 2,7 млрд долларға және өзге өзгерістер есебінен 0,4 млрд долларға өскен. «Өзге өзгерістер» қандай екені нақтыланбаған. Соның 1,1 млрд доллары теріс бағалық және бағамдық өзгерістер есебінен теңестірілген.
Сыртқы қарыздың 88,2 пайызы – ұзақ мерзімді борыш. Ұлттық банктің айтуынша, бұл бір жағынан, өтімділік тәуекелдерін азайтады. Ал екінші жағынан – жалпы нарықтық талаптар өзгеруінің борышты өтеуге және оған қызмет көрсетуге әсерін күшейтеді. Ұзақ мерзімді борыш көлемі 143,5 млрд доллар болса, қысқа мерзімді қарыз – 19,2 млрд доллар.
Сыртқы борыш құрылымында бейрезиденттерден тартылған несие мен кредиттер (75,1%) және бейрезиденттердің қолындағы борыштық бағалы қағаздар (8,4%) басым.
ҰБ есебі бойынша, 162,7 млрд доллар сыртқы қарыздың 11,8 млрд доллары – мемлекеттік басқару органдары алған қарыз. Ұлттық банктің міндеттемелері 2,2 млрд долларға тең,
Ал еліміздің екінші деңгейлі банктері алған сыртқы қарыз көлемі 11,2 млрд долларға жеткен. Банктер алған қарыздың 6,3 млдр доллары – қысқа мерзімді борыш.
Есепте «басқа секторлар» деп көсетілген компаниялардың алған қарызы 45,9 млрд долларды құрап отыр. Олар алған борыштың басым бөлігі – ұзақ мерзімді қарыз.
Фирмаралық берешек – тікелей инвестициялар үлесі сыртқы қарыздың басым бөлігін құрайды. Оның көлемі қазіргі кезде 91,6 млр долларға тең. Мемлекеттің кепілдік берген сыртқы қарызы 2,8 млрд долларға жетсе, борыштық бағалы қағаздар құны – 14,4 млрд доллар.
Қазақстанның сыртқы және ішкі қарызынан құралатын – мемлекеттің борышы қазіргі кезде 27 триллион теңгені құрап отыр. Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, бұл ЖІӨ-нің 22,8 пайызына тең.