2024 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанның халықаралық инвестициялық позиция (ХИП) -67,8 млрд долларды құрады. Былтыр Қазақстанның халықаралық инвестициялық позициясы өзгермеген. Бұл туралы Ұлттық банк статистикасында жазылған.
Халықаралық инвестициялық позиция – елдің сыртқы қаржы активтері (резервтік активтерді қоса) мен міндеттемелерінің жинақталған қорларының құны мен құрылымын көрсететін статистикалық есеп. ХИП мемлекеттің иелігіндегі сыртқы активтері мен қарызының арасындағы айырманы көрсетеді. Таза ХИП қаржылық емес активтердің құнымен жиынтықта экономика капиталының таза құнын көрсетеді.
2023 жылы Қазақстанның Халықаралық инвестициялық позициясы іс жүзінде өзгермеген. Бұл ретте төлем балансының операциялары резиденттер портфеліндегі бағалы қағаздардың бағамдық және құндық ауытқуымен өтелген.
Сыртқы активтер
Қазақстанның сыртқы активтері 2024 жылғы 1 қаңтарда 188,2 млрд долларды құраған. бір жылда сыртқы активтері 14,1 млрд долларға өскен.
Оған шетелдік кәсіпорындар, шетелдік инвестициялық қорлар және ақша нарығының қорлары капиталына қатысу құралдарының, сонымен қатар резиденттер портфеліндегі шетелдік компаниялардың борыштық бағалы қағаздарының сатып алынуы мен құндарының ұлғаюы себеп.
Сыртқы активтер құрылымына қарасақ, оның 80,4 млрд долларын портфельдік инвестициялар құрайды. Ал резервтік активтер көлемі 35,9 млдр доллар болса, тікелей инвестициялар 34 млрд доллар, басқа инвестициялар 37,7 млрд долларға тең. Туынды қаржы құралдарының құны 161 млрд доллар болады.
Сыртқы міндеттемелер
Ал еліміздің сыртқы міндеттемелері жыл басынан 13,7 млрд долларға көбейіп, 256,0 млрд долларға теңескен. Бұл негізінен тікелей және портфельдік инвестициялар құрылымындағы қазақстандық кәсіпорындар капиталына қатысу құралдарының ұлғаюымен байланысты. Аталған өсімнің негізгі үлесі бейрезиденттердің қайта инвестицияланған кірістеріне тиесілі.
256 млрд доллар сыртқы міндеттеменің 178,8 млрд доллары – тікелей инвестициялар. Басқа инвестициялар мөлшері 58,4 млрд долларға тең. Портфельдік инвестициялар 23,7 млрд долларды құрайды.
Бұған дейін Қазақстан банктерінің сыртқы активтері 600 млрд теңгеге, ішкі активтері 37 трлн теңгеге артқаны белгілі болған.