Кез келген банк қосымшасынан төлеуге болады: Ұлттық банк 2025 жылы QR-код негізінде жұмыс істейтін жаңа төлем жүйесін енгізбек

Жарияланды
Шығарушы редактор
QR-код негізінде жұмыс істейтін жаңа төлем жүйесі енгізілмек Фото: kursiv.media

2025 жылы Қазақстанда бірыңғай QR-код негізінде жұмыс істейтін жаңа төлем жүйесі енгізілмек. Ол арқылы кез келген банк қосымшасынан төлем жасауға болады. Осылайша Ұлттық банк ірі банктердің еліміздегі төлем жүйесіндегі ықпалын әлсіретпек. Бүл туралы ҰБ басшысы Тимур Сүлейменов Bloomberg басылымына берген сұхбатында айтқан.

Қазақстанның Ұлттық банкі келер жылдың басында жаңа жүйе енгізу арқылы елдегі екі ірі несие ұйымының төлем саласындағы ықпалын әлсіретуді жоспарлап отыр.

«Мен банк басшыларына «біз барлығына қолжетімді жүйе құруымыз керек» екенін айттым», – деді Ұлттық банк төрағасы өз сұхбатында.

Сүлейменов қазіргі кезде қазақстандық екі несие ұйымы банк жүйесінде 80-90 пайызын бақылайтын олигополия құрған дегенімен, нақты банктердің атын атамаған. ҰБ басшысының айтуынша, бұл жоба кейбір банктердің кірісінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.

2022 жылы Қазақстанда екі қызметті: жеке тұлғалар арасында теңгемен аударым және QR-код пайдалана отырып төлем жасауды қамтитын банкаралық төлемдердің ішкі жүйесі іске қосылды. Бұл жүйе бойынша аударымдарды елдегі 21 банктің тоғызының клиенті пайдалана алады. Оған банктер ерікті түрде қосылуы қажет болған.

Қазақстанда барлық банк үшін бірыңғай QR-код енгізілетіні сол жылы хабарланған. Сол арқылы қай банктің клиенті болса да, кез келген терминалдан QR арқылы төлем жасауға болатыны айтылған. QR-код арқылы төлемдерді қабылдауға арналған бірыңғай терминалдар жыл соңына дейін орнатылуға тиіс еді.

Тимур Сүлейменов 23 ақпандағы баспасөз мәслихатында ҰБ банктерді бірыңғай QR-код бойынша төлемге қосылуға міндеттеуі мүмкін деген болатын. Сол кезде бірыңғай QR код жүйесі 2024 жылдың соңына дейін қосу жоспарланғанын айтты.

«Банктер Ұлттық қаржы инфрақұрылымының артықшылықтарын көруі керек, оның негізінде олар бір-бірімен өзара әрекеттесу мүмкіндіктері бар. Ол ерікті түрде жасалады. Барлық банктер бірыңғай QR-код бойынша төлемге қосылады деп үміттенемін. Егер ерікті түрде қосылмаса, біз міндеттеу шарасын іске асыра алатынымызды жоққа шығармаймын», – деді ол.

Kaspi.kz Bloomberg басылымына берген жауабында Ұлттық банкке «банк нарығындағы бәсекелестікті күшейтетін, төлемдер мен ақша аударымдарды жеке және заңды тұлғалар үшін қолжетімді ететін» ашық банк платформасын енгізуді ұсынғанын жеткізді.

«Біздің қолданба Mastercard, Visa, Apple Pay және Google Payсынды бәсекелестер бар екеніне қарамастан, тұтынушылар арасында танымал. Біз мобильді төлемдерді қолжетімді етуге бағытталған қадамдарды әрқашан қолдаймыз», – деген Kaspi.kz.

Банк басшысы Михаил Ломтадзе Kaspi-QR банктің жеке төлем желісінің «негізі» және Қазақстандағы ең кең тараған төлем әдісі екеніне назар аударды.

Kaspi.kz 20 миллион халқы бар Қазақстанда ай сайын 14 миллион пайдаланушыға қызмет көрсетеді. QR қосымшасы Kaspi.kz төлем желісінің негізі болып отыр. Басқа банктердің қолданбасын пайдаланатын клиенттер Қазақстандағы ең кең таралған төлем әдісі – Kaspi QR арқылы төлей алмайды.

Bloomberg басылымының жазуынша, Қазақстанның банк саласында екі ірі несие берушінің үлесі басым. Bloomberg-тің ЕДБ мен Ұлттық банк деректеріне негізделген есебі бойынша, Kaspi.kz аударымдар мен төлемдердің шамамен 70%-ын, ал Халық банкі 8%-ға жуығын өңдейді.

Сондай-ақ оқыңыз