Қырғызстаннан Қазақстанға гуманитарлық «көмек керуені» жетті

Жарияланды

Қырғызстаннан Қазақстанның су тасқынынан зардап шеккен аймақтарына гуманитарлық «көмек керуені» жеткізілді.

24.kg басылымының жазуынша, гуманитарлық көмек Ақтөбеге жеткізілген. Ол жолай төрт облыс: Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Ақтөбе облыстары арасында бөлінген.

Атырау облысындағы жедел штабтың отырысы кезінде Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министріне облыс әкімінің алғыс хаты табысталған.

«Жедел штабтың кезекті отырысы барысында Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев Қырғыз Республикасының ТЖ вице-министрі Урматбек Шамырқановқа алғыс хат табыс етті. Елімізді қиын жағдайда қолдаған бауырлас елге Серік Шәпкеновтің атынан әкімнің орынбасары ризашылығын білдірді», – делінген әкімдік хабарламасында.

Қырғызстаннан Қазақстанға гуманитарлық көмек тиелген 4 фура көлігі жеткен.

Әзірбайжан Сыртқы істер министрлігі су тасқынының салдарымен бетпе-бет келіп, қаза тапқан қазақстандықтардың туыстарына көңіл айтқан.

Осыған дейін Түркия су тасқынына байланысты Қазақстанға көмек көрсетуге дайын екендігін хабарлаған. Елдің Сыртқы істер министрлігі сайтында 7 сәуір күні ауқымды су тасқынына байланысты Қазақстан халқына көңіл айту хаты жария болды. Түркия Қазақстанға кез келген қажетті көмекті көрсетуге дайын екенін атап өткен. 

Қырғызстан Қазақстанға 270 тонна гуманитарлық көмек жөнелткен. Қазақстанның су тасқынынан зардап шеккен өңірлерінің тұрғындарына азық-түлік, киім-кешек, матрастар жеткізіледі. Қырғызстан министрлер кабинеті гуманитарлық көмекке 40 миллион сом бөлді.

Бүгіндері  10 облыста – Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстарында ТЖ режимі сақталып отыр. Қазір жалпы еліміз бойынша 15%, солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде шамамен 40% аумақты қар басып жатыр.

Авариялық-құтқару жұмыстарына 12 мыңнан астам адам, 800-ден астам техника, 400-ге жуық су айдау және жүзу құралы жұмылдырылды. ТЖ аймақтарынан 70 мыңнан астам адам эвакуацияланды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде су басқан өңірлерде 60 мыңнан астам мал басы қауіпсіз учаскелерге көшірілді. Оған қоса су басқан аймақтарда эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеу үшін министрліктің Республикалық эпизоотияға қарсы жасағы облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жануарлардың өлекселерін жинау және жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда 1013 бас, оның ішінде 133 ІҚМ, 809 ұсақ мал басы, 64 жылқының өлексесі жойылды.  

Сондай-ақ оқыңыз