Ұлыбритания банкноттарында жаңа корольдің суреті пайда болды

Жарияланды
Ұлыбритания банкноттарында жаңа корольдің суреті пайда болды / Yui Mok/Pool via REUTERS

Ұлыбританияның ұлттық банкноттарында жаңа корольдің суреті пайда болады. Чарльз III король өзінің бейнесі бар алғашқы банкноттарды сыйлық ретінде алды. 

BBC ақпаратына сүйенсек, банкноттарды Букингем сарайында Англия банкінің менеджері Эндрю Бэйли таныстырған. Енді 5, 10, 20, 50 фунт стерлингте Чарльз III бейнесі болады. Дәстүр бойынша жаңа банкноттардың 00001 нөмірлі алғашқы даналары монархқа табысталды. 

Жаңа банкноттар 5 маусымнан бастап айналымға енеді. Чарльз бейнеленген ақша Елизавета II патшайым бейнеленген бұрынғы ақшамен қатар қолданылады.

Британияда алғаш рет монархтың (Елизавета II патшайымның – ред.) бейнесі бар банкноттар 1960 жылы пайда болған. Яғни осы жолы банкноттар алғаш рет өзгеріп, оған басқа адамның бейнесі түскен. Бұл банкноттар тек Англия банкінде шығарылады. Ал Шотландияда басылған вексельдерде патшайымның да, қазіргі корольдің де портреті жоқ. 

Айта кетейік, король Чарльз (немесе III Карл) таққа анасы – Елизавета қайтыс болғаннан кейін ие болған. Елизавета 2022 жылдың 9 қыркүйегінде қайтыс болды. 

Ол ұзақ уақыт бойы тақ мұрагері болған жан ретінде рекорд орнатты. Бұл мүмкіндікті жетпіс жылға жуық уақыт күтті және 74 жасында таққа отырған ең егде монарх еді. Ол 63 жыл бойы Уэльс ханзадасы болды. Ал ІІ Елизавета Ұлыбритания тарихында ең ұзақ тақта отырған патшайым еді. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Королі ІІІ Карлға анасы II Елизавета Патшайымның қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдаған.

Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Король ІІІ Карлдың, корольдік отбасы мен барлық британдықтардың қайғысына ортақтасып көңіл айтты.

Президент елді 70 жыл бойы басқарған ІІ Елизавета Патшайымның аса көрнекті көшбасшы, ұлы британ халқының бірлігі мен табандылығының символы болғанын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз