Қарағанды облысында Саран қаласы моноқала мәртебесінен айырылды

Жарияланды
Саран қаласы моноқала мәртебесінен айырылды / Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысында Саран қаласы моноқала қатарынан шығып, өңірдегі индустриялық аймақтың аумағына енді.

Саран қаласы экономиканы әртараптандыру бойынша жүргізілген ауқымды жұмыс нәтижесінде ҚР Экономика Министрлігінің бұйрығымен моноқалалар санатынан шығарылды.

Облыстық экономика басқармасы ақпаратына сүйенсек, енді Қарағанды облысында төрт моноқала бар – Теміртау, Балқаш, Шахтинск, Абай. Олар облыстың барлық өңдеу өнеркәсібінің 57% және жалпы көлемнің шамамен 22% инвестициялауды қамтамасыз етеді.

2021 жылы Saran индустриялық аймағы іске қосылған. Әкімдік оның табысты жұмыс істеп, бірқатар ірі жобалар іске асырылғанын айтып өтті.

Моноқалалар тізімінен шығып қалған қалалар 

Текелі және Саран қалалары тізбеден экономикалық әртараптануына байланысты шығарылған. Нақтырақ айтқанда, 2014-2022 жылдар аралығында Текелі қаласында өнеркәсіп көлемі артқан. Бұл көрсеткіш 2014 жылы 11 376,3 млн теңге болса, 2022 жылы 30 914,7 млн теңгеге дейін артқан. Қалада жұмыс істеп тұрған шағын орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 81,3%-ға артқан. Олардың саны 2014 жылғы 928 бірлік болса, 2022 жылы 1 683 бірлікке дейін өскен. 

Ал Саран қаласының өнеркәсіп өнімі 2014 жылғы 21 577,8 млн теңгеден 2022 жылы 70 901,1 млн теңгеге дейін 3 есеге ұлғайған. Мұнда шағын және орта бизнесті дамытудың негізгі индикаторлары өскен. Солайша 2022 жылы белсенді жұмыс істейтін ШОБ субъектілерінің саны 2 604 бірлікті құраған. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 14,8%-ға артық.

Елдегі моноқалалар болашағы қандай

Еске сала кетсек, өткен жылдың қыркүйек айында еліміздің 10 моноқаласын дамытуға 1,7 трлн теңге бөлінетіні туралы хабарланды. Онда аталған тізімде жоғарыда аталған Арқалық, Серебрянск, Жаңатас, Қаратау қалалары да бар. Үкімет Алтай, Арқалық, Балқаш, Жітіқара, Лисаковск, Серебрянск, Степногорск, Жаңатас, Қаратау және Риддер қалаларын дамытуға қаражат бөлуі керек болған. 

Қазақстанда 89 қала бар. Оның 27-сі – 1,4 млн халқы бар моноқалалар болған. Олар өнеркәсіп өнімдерінің шамамен 40%-ын өндіреді. Жоғарыдағы жеті қаланы тізімнен шыққанын ескерсек, олардың жалпы саны 20-ға түсіп отыр.  

Сондай-ақ оқыңыз