Жаңалықтар

Зиянды жағдайда жұмыс істейтін жұмысшыларға шетелдік компанияның өтемақысы мемлекеттік нысандардан 2 есе көп

Зиянды жағдайдағы жұмысшыларға шетелдік компанияның өтемақысы мемлекеттік нысандардан 2 есе көп / коллаж kursiv.media

Қазақстанда зиянды жағдайда жұмыс істейтін азаматтарға төленетін шетелдік компаниялардың өтемақысы мемлекеттік нысандардың өтемақысынан 2 есе көп.

Статистика комитетінің ақпаратына сүйенсек, Қазақстанда 1,69 миллионға жуық адам зиянды және қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейді. Олардың ішінде 697 мыңға жуық адам зиянды жағдайдағы жұмысы үшін өтемақы алады. Өтемақыға бір жыл ішінде шамамен 255,2 млрд теңге жұмсалды. 

Бір қызығы, өтемақы алатын қызметкерлердің ең жоғары үлесі шетелдік кәсіпорындар жұмысшылары арасында тіркелген. Шетелдік кәсіпорында істейтін азаматтар жоғары өтемақы алады.

Мемлекеттік нысанда зиянды жағдайда жұмыс істейтіндер саны 499,9 мың адам, оның ішінде 209,8 мыңға жуық адам немесе 42%-ы өтемақы алады. Мемлекеттің бір адамға төлейтін өтемақысы орташа деңгейде айына шамамен 19,7 мың теңге.

Шетелдік нысанда зиянды жағдайда жұмыс істейтіндер саны 162,3 мың адам, оның ішінде 76,3 мыңға жуық адам немесе 47%-сы өтемақы алады. Шетелдік кәсіпорындардың бір адамға төлейтін өтемақысы орташа деңгейде айына шамамен 40,4 мың теңге.

Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлерге 2024 жылдан бастап сақтандыру ұйымдары қосымша ақы төлейді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғауды күшейту мақсатында олар үшін зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандырудың жаңа сақтандыру өнімі әзірленіп жатыр. Мұндай қызметте істейтіндерге зейнетақы алдындағы төлемдер 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа дейін жүзеге асырылатын болады», – делінген ҚНРДА хабарламасында.