Жер қойнауын пайдаланушылар отандық компаниялардан тауар сатып алмаса қомақты айыппұл төлейді

Жарияланды
Талаптарды орындамаған жер қойнауын пайдаланушылар айыппұл төлейді / shutterstock

Жер қойнауын пайдаланушылар отандық компаниялардан тауар алмаса қомақты айыппұл төлейді. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталында жарияланған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске өзгеріс енгізілетіні туралы құжатта жазылған.

Яғни, бұдан былай отандық тауарлар, жұмыстар және қызметтердің (ЖҚҚ) үлесі маңызды.

Талаптарды орындамаған жер қойнауын пайдаланушылар айыппұл төлейді

«Ұсынылып отырған түзетулер отандық тауарлардың үлесін сақтау бойынша белгіленген міндеттемелерге сәйкес 30% мөлшерінде, сондай-ақ елішілік құндылықты дамыту бағдарламасын бекіту бойынша тиісті ірі тұтынушылардың ТЖҚ жалпы сатып алуының 1% мөлшерінде айыппұл көздейді. Елішілік құндылық бағдарламасын бекіту жөніндегі міндеттемені орындамаған кезде жалпы ТЖҚ-ның 1% мөлшеріндегі жауапкершілік көзделген», – деп жазылған құжат мәтінінде.

Бұл ретте «елішілік құндылық бағдарламасы» деп көрсетілгені – отандық тауарлар, жұмыстар және қызметтердің жиынтығы.

Айыппұл мөлшері қандай?

Тауарлар мен материалдарды сатып алу тәртібі бұзылған жағдайда – сатып алу сомасының 5%-ы мөлшерінде айыппұл көзделген.

Бұл айыппұлдар 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап қатты пайдалы қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда) өндіруге арналған келісімшарттарға қолданылады.

2026 жылдың 1 қаңтарына дейін жер қойнауын пайдалануға лицензиясы бар компаниялар келісім-шарттарына осы өзгерістер енгізуге бастамашылық етуге міндетті. Айыппұлды төлегеннен кейін компаниялар өз міндеттемелерін орындаудан босатылады.

Бұл туралы Жолдауда айтылған

Еске сала кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында тауарларды реттеліп сатып алуда отандық өндірушілермен офтейк-келісімшарттардың үлесін 10%-ға дейін ұлғайту және реттелетін сатып алулардағы қазақстандық қамту үлесін үш жыл ішінде кемінде 60%-ға дейін қамтамасыз етуді тапсырды.

Жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатын пайдалану қағидалары өзгерді

Жаңа тәртіпке сәйкес Энергетика министрлігінің жанынан ғылыми орта, қоғамдық ұйымдар, мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен Ғылыми-Техникалық кеңес (ҒТК) құрылады.

Сонымен бірге Энергетика министрлігі Ғылыми-техникалық кеңестің ұсыныстары негізінде жер қойнауын пайдаланушының ғылыми зерттеулердің нәтижелері мен келісімшарттық міндеттемелерін орындады деп таниды.

Жаңа ережеде «Самұрық-Қазына» АҚ құрамына кіретін жер қойнауын пайдаланушылардың Ғылыми-технологиялық бастамалар орталығы арқылы ғылыми зерттеулер жүргізу мүмкіндігі қарастырылған.

«Ашық конкурс нәтижелері бойынша жер қойнауын пайдаланушылар айқындайтын ғылыми қызметтің аккредиттелген субъектілерінің ғана ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруына рұқсат етіледі және зерттеулерді қаржыландырудың қайталануын болдырмау үшін орындалған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалардың мемлекеттік есебі енгізіледі», делінген хабарламада.

Сондай-ақ, жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми зерттеулерге аударымдары бойынша берешек бюджетке аударылып отырады. Бұл өзгерістер энергетика саласындағы ғылыми әлеуетті дамытуға, сондай-ақ қоғамға тиесілі табиғи байлықты пайдаланудан алатын материалдық игіліктерді ашық және объективті бөлуге ықпал етпек. 

Сондай-ақ оқыңыз