Жаңалықтар

Бишімбаев ісі бойынша алқабилердің суретін жариялаған журналистер жазаға тартылады – сот

присяжные
Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер бейнесі БАҚ-қа таралып кеткен / Фото: Жоғарғы сот

Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер бейнелерін БАҚ-қа таратып жіберген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жазаға тартылады. Бұл жайлы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады.

«БАҚ туралы» Заңға сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иесі, таратушысы, бас редакторы, сондай-ақ таратылған материалдардың авторлары жазаға тартылады. Осыған байланысты сот кінәлі адамдарды әкімшілік жауаптылыққа тарту рәсімін бастады», – делінген сот хабарламасында.

Іс бойынша сот бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне жарияланған материалдарды алып тастау міндеттелді. Сонымен бірге сот жария болған бейнелерді таратуға тыйым салды.

БАҚ тарапынан жіберілген олқылықты сот қысым көрсету әрекеті ретінде бағалайтынын ескертті.

«Процесс барысында іс бойынша төрағалық етуші алқабилер алқасының фото және бейнежазбаға түсуіне, сондай-ақ олардың бейнелерін таратуға тыйым салу туралы бірнеше рет ескертті. Тыйым алқабилерге қысым көрсету мүмкіндігін болдырмас үшін белгіленген. Бұл тыйымды бұзу сотқа қысым көрсету әрекеті ретінде танылады. Бұқаралық ақпарат құралдарының сотқа ықпал етуi белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады. Азаматтарды сот төрелігін жүзеге асыру процесіне әсер ететін кез келген әрекеттерден аулақ болуға шақырамыз. Сотқа қысым көрсетудің кез келген әрекетінің жолы кесілетін болады», – дейді Жоғарғы соттың ресми өкілі Ерлан Ахметжанов.

Осындай фактілерді болдырмау мақсатында сот БАҚ өкілдерін бүгінгі сот отырысы залынан шығарып жіберді.

«Осындай фактілерді және алқабилермен процессуалдық емес байланыстарды жою мақсатында сот БАҚ-ты, әлеуметтік желілерді және жеке тұлғаларды алқабилер сотының барысын бейнелейтін фотосуреттер мен бейнежазбаларды интернеттен алып тастауды міндеттеу туралы шешім қабылдады. Тексеру нәтижелері алынғанға дейін қылмыстық істі объективті және дұрыс қарау үшін сот барлық бұқаралық ақпарат құралдарының барлық өкілдерін сот отырысы залынан шығару қажет деп санайды. Олар осы сот ғимаратындағы арнайы бөлінген бөлмеден хабар тарата алады», – деп түсіндірді судья Айжан Құлбаева.

Бишімбаев ісі

Еске сала кетейік, 2023 жылы 9 қарашада Bau мейрамханасында экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен ұсталды.

Қазіргі таңда Қуандық Бишімбаевтың үстінен сот жүріп жатыр. Бишімбаевқа қылмыстық кодекстік 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша және 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген қылмыстық әрекетті жасады деген айып тағылған. Алайда Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамады. Істі алқабилердің қатысуымен және ашық режимде қарауды сұрады.

Сонымен қатар Қуандық Бишімбаев тергеу изоляторында өзіне қол салмақ болғанын айтты. Бірақ прокурор Бишімбаевтың жауабы шындыққа сәйкес келмейтінін жеткізді.

«Бишімбаев қамауға алынған 5 айдан бері процесcуалдық прокурор ретінде тергеу изоляторына қойылған видеокамера арқылы сотталушыны жеке бақыладым. Бес ай ішінде өзіңізге бірде-бір рет жарақат салуға тырысқан жоқсыз. Сол күні не себепті куәгердің алдында имитация жасадыңыз?»,– деді қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптаушы.

Ал бүгінгі сотта Бишімбаев қайғылы оқиға болған күні не себепті көріпкелге хабарласқанын айтты.

«Көрікпел деп атаған кісінің медициналық білімі бар-жоғынан хабарыңыз бар ма?», –  деп сұрады адвокат Жана Уразбахова.

«Бұл маған белгісіз, бірақ мен үнемі оған сендім»,– деп жауап берді Бишімбаев.

Жанна Уразбахова жанында медициналық көмекті қажет етіп жатқан әйеліне басқа қалада тұратын көрікпел қалай көмектесуі мүмкін екенін нақтылады.

«Ол (Салтанат Нүкенова – ред.) ұйықтап жатты. Мен оған (көрікпелге – ред.) сенім арттым. Бизнеске қатысты сұрақтарыма дұрыс жауап беретін. Салтанаттың мұрны ісіп, беті көгере бастады. Оның неге алып келетінін білгім келді. Көріпкел «кешке дейін ұйықтап, жақсы болады. Ішімдік ішті, шаршады», деді», – деп жауап берді Бишімбаев.