Облыс орталығына үлкен көлемде су келе жатыр: СҚО әкімі су тасқыны қаупіне байланысты үндеу жариялады

Жарияланды (жаңартылды )
СҚО әкімі
СҚО әкімі Петропавл қаласына су 1-2 күнде жететінін айтты / Фото: kursiv.media

СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов су тасқыны қаупіне байланысты өңір халқына үндеу жариялады. Ол облыс орталығына үлкен көлемде су келе жатқанын айтты.

«Өңірде су тасқыны жағдайы күрделі. Облыс орталығына үлкен көлемді су келе жатыр. Шамамен 1-2 күнде су орталыққа келіп үлгереді. Егер үйіңіз су басатын аумақта орналасқан болса, қауіпсіз аймаққа көшіңіз. Өйткені адам денсаулығынан асқан байлық жоқ. Біз су тасқынына қарсы қолдан келген шараларды қабылдап жатырмыз. Осы орайда өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бар күшімізді салып, су тасқыны салдарының зардабын барынша азайтуға тырысатынымызды айтқым келеді», деді әкім.

Әкім су тасқынының алдын алу мақсатында қарғын суды бұру жұмыстары жүргізілгенін айтты. Сергеев су қоймасындағы су деңгейі рекордтық көрсеткішке жеткенін, бұл 2017 жылғы су тасқыны кезіндегі көрсеткіштен едәуір көп екенін айтты. Су тасқыны Есіл өзені бойында орналасқан елдімекендерге қауіп төндіреді. Олар – Пребрежная, Тепличная, Заречная елдімекендері.

«Біз осы күнге дейін су тасқынының алдын алу мақсатында бөгеттер құрдық. Елдімекендерді барынша судан қорғауға тырыстық. Алайда бұл шаралар жеткіліксіз болуы мүмкін. Өйткені Петропавл қаласына қарай өте үлкен көлемдегі су келе жатыр. Премьер-министрлің бірінші орынбасары Роман Склярдың тапсырмасы бойынша Заречный аулының тұрғындары эвакуацияланып жатыр», – деді әкім.

Айта кетсек, Есіл өзеніне құятын Сергеев су қоймасындағы су деңгейі 425 см көтерілген. Бұл көлемдегі су Шал ақын, Есіл, Қызылжар аудандары мен Петропавл қаласына қауіп төндіреді.  Департамент қоймадағы су деңгейіне тәулік бойы мониторинг жүргізіліп отырғанын хабарлайды. Сонымен бірге облыс аумағының 30 пайызында қар жатыр. Ерімеген қар алдағы күндері еріп, өңірдегі 219 елдімекенге қауіп төндіруі мүмкін.

Өз кезегінде «Қазгидрометтің» СҚО-дағы директоры Қымбат Мерғалимова су қоймасындағы судың қауіпті деңгейге көтерілгенін айтты. Қоймадан аққан артық су Есіл ауданына 14 сәуір күні жетеді. Ал Қызылжарда 21 сәуірде, Петропавлға Сергеевка су 12-14 сәуірде келе бастап, 23 сәуірге дейін жалғасады.

69 елдімекен көлік қатынасынан ажыратылған

Орталық коммуникациялыр қызметі алаңында ТЖМ өңірлерді ахуал жайлы баяндады. Су тасқыны басталғалы бері 96 472 адам, оның ішінде 31 640 бала құтқарылған. Тартылған әуе кемелерімен 2 823  адам, оның ішінде 865  бала эвакуацияланған. Уақытша орналасу пунктеріне 7 605 адам, оның ішінде 3 474 бала орналастырылды. 82 559 ауыл шаруашылық жануар қауіпсіздік жерге айдалған.

Сондай-ақ зардап шеккен өңірлерге 167 935 кг гуманитарлық көмек жеткізілген.

«Тәулік бойы авариялық-құтқару жұмыстарына 24 295 адам, 2 655 бірлік техника, 469 су сору және 139 жүзу құралы, 10 әуе кемесі жұмылдырылды. Осы сағатта Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 444 жеке тұрғын үй, 336 аула аумағы су астында қалып отыр. Су шайған 105 автожол, оның ішінде 8 көпір мен 97 жол төсемі бақылауда тұр. Көлік қатынасынсыз қалған 69 елді мекен бақылауда», – деді ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш.  

ТЖМ өкілі жағдай күрделенетін болса, шұғыл шаралар қабылданатынын атап өтті. Сонымен бірге азаматтарды су тасқыны кезінде мұқият болуға және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.

«Құлақтандыру дабылын алған кезде көршілеріңізге ескертіңіздер, мүгедек адамдар мен балаларға көмек көрсетіңіздер, нұсқаулықты қатаң орындаңыздар. Киім-кешек, азық-түлік қорын, дәрі-дәрмекті алдын ала дайындаңыздар, құжаттарды су өткізбейтін қапшыққа салыңыздар. Электроэнергия көздерін тоқтан ажыратыңыздар, газды өшіріңіздер, пеште жанып жатқан отты сөндіріңіздер, есік пен терезелерді жабыңыздар», – деді Сайпаш.

Сондай-ақ оқыңыз