Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жер теліміне қатысты сот отырысында «Atlas Development» ЖШС ұтылып қалды

Жарияланды (жаңартылды )
kursiv.media

Алматы қаласында Esentai Mall жанындағы жер учаскесін рәсімдеп, бизнес-орталық салып жатқан «Atlas Development» ЖШС сотта ұтылды. BES.media басылымының ақпараты бойынша ауданаралық экономикалық сот Алматы қаласы жер ресусрстарын басқару департаментінің талабын қанағаттандырды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бұрынғы жер теліміне қатысты дау осымен сот отырысында шешілді.

BesMedia басылымының ақпаратына сүйенсек, талапкер сотта №55 электр қосалқы станциясын пайдалануға және техникалық қызмет көрсетуге арналған жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін сатып алу (алып қою) туралы Алматы қаласы әкімдігінің 30.01. 2007 жылғы қаулысының, Алматы қаласы әкімдігінің жерасты автотұрағы бар көпқабатты бизнес орталығын салу үшін жер учаскесін сату туралы 2.10. 2007 жылғы қаулысының, Алматы жер қатынастары басқармасы мен «Sky Engineering» ЖШС арасында жасалған 09.10.2007 жылғы сату-сатып алу шартының, «Sky Engineering» ЖШС мен «Бен Плюс» ЖШС арасында жасалған 19.05.2011 жылғы сатып алу-сату шартының, «Бен Плюс» ЖШС мен «Omirex» ЖШС арасында жасалған 30.12. 2015 жылғы сатып алу-сату шартының, «Omirex» ЖШС мен «Atlas Development» ЖШС арасында жасалған 09.11.2017 жылғы сатып алу-сату шартының күшін жоюды сұрады.

Жоспардан тыс тексеріс жүргізілді

«Atlas Development» ЖШС-нің құрылтайшылары – «Кипрос» ЖШС мен «Joint Technologies» ЖШС. Ал «Omirex» құрылтайшысы – Joint Technologies. 

Бұл учаске Алматы қаласының жоғарғы жағында орналасқан. Аумағы – 0,7168 га. Ол бұрын Қазақ ұлттық университетіне тиесілі болған. Алматы прокаратурасы жер ресурстарын басқару департаментінен кадастрлық нөмірі 20-313-009-029 жер учаскесінің беру заңдылығын тексеруді талап еткен.

Департамент жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, нәтижесінде жер учаскесі қазіргі «Atlas Development» ЖШС-ның иелігіне берілгенде Жер кодексінің талаптары бұзылғанын анықтады. Өйткені жер телімін алып қоюдың мақсаты ерекше жағдайларға жатпайды.

Atlas Develoрment өкілі не деді?

Сот отырысында Atlas Develoрment өкілі Бақыт Тукулов 1998-2006 жылдар аралығында бұл учаске университетке тиесілі болмағанын айтты. Оның айтуынша, онда іргелес күзет-қорғау аймағы бар қуаттылығы 110 және 35 кВт жоғары вольтты электр қосалқы стансалары орналасқан. Ол  жер телімі бойынша келісімшаттар мен қаулыларды даулау мерзімінің өтіп кеткенін де уәж қылып айтты. Тукулов дау талапкердің пайасына шешілсе  Deniz Park бизнес орталығының құрылысына жұмсалған 34 млрд теңгенің «күйіп кететінін» алға тартты. Жауапкер Алматы әкімдігі мен жер қатынастары басқармасынан шығынды өтеуін талап ету құқығы бар екенін де қаперге салды.

Үшінші тарап ретінде сот отырысына қатысқан Halyk Bank өкілі шарт жасасқан кезде жер телімінің нарықтық құны 813 млн теңгеге бағаланғанын хабарлады. 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша оның құны – 1,1 млрд теңге.

«Қарыз алушы – «Atlas Develoрment » ЖШС. Несие желісінің лимиті 12,6 млрд теңгені құрады. Оның ішінде игерілгені – 10,2 млрд теңге. Несие желісі 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін жарамды. 2024 жылдың 2 сәуірінде 6, 1 млрд теңге өтелді. Қалған берешек  сомасы – 7,3 млрд теңге», – деді банк өкілі.

Сот талапкердің шағымын қанағаттандырды.

Сот кабинетінен алынған ақпарат

«Қазақстан Республикасы Жер кодексінің нормалары, атап айтқанда 84-бап сақталмағандықтан, сондай-ақ Азаматтық Кодекстің 158-бабына сәйкес келісімдер жарамсыз деп танылғандықтан, заң талаптарын ескере отырып, мұндай жағдайда сот талапкердің уәжі қанағаттандырылуы тиіс деп санайды. Арызды қанағаттандыру кезінде талап қою мерзімін қолданудан бас тартылды», –  деді судья.

Судья шешімнің тек қарар бөлігін оқығандықтан, бизнес орталығы мен жер телімінің тағдыры әзірге белгісіз. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ және шағымдануға жатады.

Сондай-ақ оқыңыз