Ақтөбе, Қостанай, Атырау, Ақмола облыстарында ұялы байланыс инфрақұрылымдары су астында қалған. ІТ-маман көмекке дрондар жолдамақ.

Жарияланды (жаңартылды )
kursiv.media

Су тасқыны салдарынан кей елдімекендерде ұялы байланыс қызметі нашарлаған. Электр қуатының өшуіне байланысты кейбір базалық станциялар жұмыс істемей тұр. Қазіргі уақытта Құлсары қаласында бірқатар базалық станция қадалары опырылып, Қостанай қаласында Kcell ұялы байланыс операторының жабдықтары орналасқан үй-жайларды су шайып кеткен. Бұл жөнінде ОКҚ өткізген брифингте ҚР Цифрлық даму министрлігінің өкілі Альбина Атен хабарлады.

Су тасқынымен күрес кезінде жүздеген маман төтенше жағдай болған аймақтарға барған. Ұялы байланыс операторлары  жұмыс істемейтін жабдықты ауыстыру, су басу қаупі бар аймақтардан және эвакуацияланатын аумақтардан техниканы эвакуациялау және жабдықты су деңгейінен жоғары жылжыту жұмыстарын, электр энергиясы жоқ жерлерде дизельдік генераторларды қосу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ әкімдіктермен бірлесе құм дорбаларын тасымалдау және дизельдік отынды генераторларға жеткізуге үлес қосуда.

Цифрлық даму министрлігі спутниктік байланыс үшін Қостанай облысына 30 Starlink терминалын, Ақтөбе облысына 3 терминалды, БҚО-ға 2 терминалды, Ұлытау облысына 1 жинақты, Атырау облысына 6 терминалды, Шығыс Қазақстан облысына 2 терминалды және Солтүстік Қазақстан облысына 3 терминалды жіберді. Осының арқасында мектептерге терминалдар орнатылып, эвакуациялық пунктердегі балалар оқу үшін үзіліссіз интернет желісімен қамтылады. Бұған дейін оқу-ағарту министрлігі су тасқыны қаупі бар аумақтардағы 56 мектеп және эвакуациялық пунктер ретінде айқындалған 32 мектеп қашықтан оқитынын хабарлады.

Ұялы байланыс операторлары су тасқыны аймағында орналасқан абоненттерге тарифтік жоспарларға (40-50 мин, 40-50 SMS және 7 күнге 8-10 ГБ) қосымша ресурстар қосты.

«Beeline компаниясы су басқан елдімекендерден эвакуацияланған 33 мыңнан астам абонентті жалпы құны 132 млн теңгеден астам тегін дауыстық байланыспен және интернетпен қамтамасыз етті. Tele2/Altel мамандарының мобильді командасы тікұшақпен барып, Қостанай облысында бірнеше базалық станцияларды қалпына келтірді. Дәл Қостанай облысында су тасқынынан осы байланыс операторының инфрақұрылымдық объектілері ең көп зардап шекті. Сондай-ақ оператор Ақмола облысында оператордың базалық станциясы зардап шеккен Есіл ауданы Заречное ауылында техникалық қиындықтар мен бұзылуларды анықтау бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде», – деді министрлік өкілі.

ІТ-қауымдастық су тасқынынан зардап шеккендерге көмектеспек. Олар қаржылай көмек те көрсеткен, дрондар арқылы гуманитралық жүк жеткізуге де дайын. АҚШ-та істейтін қазақстандық 20 келіге дейін жүк көтере алатын дрондарды Құлсары, Көкшетау, Петропавл қалаларына жолдамақ. Медициналық жабдықтар мен азық-түлікті және басқа да жүкті осы дрондармен 15 шақырым қашықтықтан жедел жеткізуге болады.

Сондай-ақ оқыңыз