Қазақстанда судьяларды тағайындауда халықтың пікірі ескеріледі

Жарияланды (жаңартылды )
Халықтың пікірі ашықтықты қамтамасыз етуге септігін тигізеді /Фото: kursiv.media

Судьялық лауазымдарға үміткерлерді іріктеу кезінде қазақстандықтардың да пікірі ескерілетін болады. Бұл туралы Жоғары Сот кеңесінің аппараты мәлімдеді.

Жоғары сот кеңесі судьяларды іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында азаматтарды конкурсқа қатысатын кандидаттар туралы пікір бөлісуге шақырады.

«Қазіргі уақытта Жоғары Сот Кеңесі 202 судьялық бос жұмыс орындарына конкурс және аудандық және оларға теңестірілген соттардың төрағаларын лауазымдарға іріктеу өткізуде (41 бос жұмыс орны). Пікірді Кеңестің сайтында «Конкурсқа қатысушылар туралы азаматтардың пікірлері» бөлімінде ағымдағы жылдың 24 сәуіріне дейін қалдыруға болады», – делінген хабарламада.

Іріктеу барысында жұртшылықтың пікірімен қатар үміткерлердің кәсіби және жеке қасиеттері де зерделенеді. Бұдан басқа, кандидаттар адвокатура, прокуратура өкілдері, заң қоғамдастығының өзге де өкілдері, сондай-ақ HR-мамандары кіретін конкурстық комиссиясының мүшелерімен әңгімелесуден өтеді.

Еске салайық жыл басында Алматы облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы сотталған еді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Жоғарғы Сотпен бірлесіп, судьяның заңсыз қызметін тоқтатқан. Судья пара алды деп күдіктелген. Агенттік мәліметінше, А.Абдрахманов Қарасай ауданы Мемлекеттік кірістер басқармасының Өндіріп алу бөлімінің басшысы А.Асилбековтың көмегімен екі ЖШС-ті банкрот деп танығаны үшін кәсіпкерден пара алған.

Қонаев қалалық сотымен А.Абдрахманов 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ал оның сыбайласы А.Асилбековке 122,5 млн теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалған. ҚР ҚК 41-бабына сәйкес айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.

Осы орайда пара беруші де жазадан құтылмағанын айта кеткен жөн. Оған сот шешімімен 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілген.

Сондай-ақ сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Сондай-ақ оқыңыз