Қазақстандағы су тасқыны: Антикор мен Прокуратура тергеу жұмыстарын бастады

Жарияланды
Су тасқынына байланысты тергеу ерекше бақылауда болады / Коллаж: kursiv.media

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен прокуратура су тасқынына байланысты тергеу жұмыстарын бастады. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Биғайдаров брифинг барысында мәлім етті.

Спикердің сөзінше, қазіргі уақытта елде су тасқыны салдарын жою жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен бұл мәселе «ерекше бақылауда» болады деп сендірді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бюджет қаражатының бөлінуі мен игерілуіне тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Су тасқыны жағдайында нормативтік-құқықтық тексерулерге ерекше назар аударылады. Біз бұл мәселемен тікелей айналысып жатырмыз. Су тасқыны фактілері бойынша прокуратура тексеру жүргізіп жатқанын атап өткім келеді. Анықталған фактілер туралы қосымша хабарлайтын боламыз»,– деді.

Сондай-ақ ол су тасқынының салдарын жоюға Антикор да ат салысып жатқанын хабарлады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен аумақтық бөлімшелер Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарындағы су тасқынын жою жұмыстарына белсенді түрде ат салысуда», – деді Данияр Биғайдаров.

Айта кетейік су тасқыны кезінде инфрақұрылымдардың бұзылуына байланысты прокурорлар Ақтөбе, Алматы және Атырау облыстарында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған болатын.

«Прокуратура органдары бірқатар елдімекенді су басуының, жолдардың, көпірлердің, гидротехникалық және басқа да объектілердің нысандардың қирауының себеп-салдарын тексермек. Атап айтқанда, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуы, су тасқынының алдын алу жөніндегі жоспарлардың уақтылығы мен толықтығы зерттелуде. Қорытындысы бойынша әрбір уәкілетті органның қызметіне тиісті құқықтық баға беріледі. Бүгінгі таңда прокурорлар Ақтөбе, Алматы және Атырау облыстарында сотқа дейінгі 4 тергеп-тексеруді бастады», – делінген хабарламада.

Жергілікті жерлердегі прокурорлар құқық қорғау органдарының заңдылық пен құқықтық тәртіп режимін қамтамасыз ету жөніндегі қызметін үйлестірмек. Проблемалық учаскелерді қоршау және патрульдеу, азаматтардың мүлкін қорғау қамтамасыз етілген. Прокуратура әрбір зардап шеккен отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес толық көлемде көмек көрсетілуін қадағалайды. Өтемақы алу алгоритмі Үкіметтің қаулысымен бекітілген арнайы ережелермен нақты реттелген. Жергілікті атқарушы органдар біржолғы материалдық көмек қаражатын төлеуге кірісті.

Сондай-ақ оқыңыз