Қазақстанда ең жоғарғы және ең төменгі жалақыны кімдер алады? Ел азаматтарының соңғы 10 жылдағы жалақы мөлшеріне шолу

Жарияланды

Қазақстанда соңғы 10 жылда атаулы жалақы 3 есеге артты.  Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылдың қорытындысы бойынша ол 393 605 теңгені құрады. «Экономикалық зерттеулер институты» өңірлік зерттеулер орталығының аға сарапшысы Әйгерім Аманжолова елімізде орташа жалақы мөлшері қалай өзгергенін айтып берді.

Ең жоғары атаулы орташа жалақы 2013 жылғы кезеңнен 2023 жылғы 3 тоқсанға дейін Атырау және Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында тіркелді. Ал осы кезеңдегі ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында болды. 2023 жылы Атырау облысында ең жоғары атаулы жалақы (602 411 теңге), ал Түркістанда ең төмен жалақы (248 905 теңге) тіркелген екен.

«2023 жылдың 3-тоқсанында жалақы ең көп төленетін 5 саланың рейтингінде: бірінші орында 745 354 теңге атаулы жалақысымен тау-кен өнеркәсібінің жұмыскерлері, екінші орында қаржы және сақтандыру қызметі саласының қызметкерлері (656 004 теңге), үшінші орында ақпарат және байланыс саласының қызметкерлері (527 769 теңге), 4 және 5-орындарда ғылыми және техникалық қызмет (490 601 теңге) және құрылыс (459 770 теңге) саласындағы жалдамалы жұмыскерлер тұр», –  деп мәлімдеді Әйгерім Аманжолова.

2015 жылы ең жоғары жалақы төленетін қызмет салаларының қатарында: тау-кен өндіру өнеркәсібі (275 624 теңге), ғылыми және техникалық қызмет (255 216 теңге), қаржылық және сақтандыру қызметі (236 689 теңге) болды.

2019 жылы пандемия басталғанға дейін бұл салалар атаулы жалақы көрсеткіші бойынша да көш бастап тұрды (тау-кен өндіру – 415 584 теңге, қаржылық және сақтандыру – 331 287 теңге, ғылыми және техникалық – 368 339 теңге). 2021 жылы бұл салалар рейтингтің көш басында қалды, бірақ жалақы көрсеткіштері сәл өзгерді.

«2013-2023 жылдары ең төменгі жалақымен экономикалық қызмет саласы ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы болып қала берді. 2023 жылғы 3-тоқсанда ең төмен атаулы жалақы төленетін салалар (ауыл, орман және балық шаруашылығынан басқа – 214 086 теңге): өнер, ойын-сауық және демалыс (214 184 теңге) және сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау мен бөлуді бақылау (219 813 теңге) болды.  Алайда, ресми статистика деректері үй-жайларды тазалаушыдан бастап бірінші басшыға дейінгі салалардың жалақысы бойынша құрғақ фактілерді ғана көрсетеді, бұл нақты жағдайдың бейнесі емес. Салыстыру үшін жоғарыда аталған салалар бойынша мәліметтер, бірақ басшылар мен бағыныштыларға бөлінісінде талданды», – дейді сарапшы.

Осылайша, тау-кен өндіру саласында мұндай бөліністен кейін орташа жалақы 653 345 теңгені, ал басшының жалақысы 1 218 612 теңгені құрайды. Қаржы және сақтандыру қызметінің қызметкерлері орта есеппен 560 459 теңге, ал басшылары 1 149 550 теңге жалақы алады. Бұл көрсеткіштер қазірдің өзінде нақты шамаларды көрсетеді. 

«Кез-келген қызметкер жалақысы жылдан-жылға өсіп келе жатқанына қатты қуанатыны сөзсіз. Алайда, бұл нақты емес, атаулы көрсеткіш туралы сөз қозғалып жатқанын есте сақтаған жөн. Біріншіден, деректер төлеуге жататынына емес, есептеуге жататынын көрсетіледі, яғни шындығында қызметкер шамамен 20% аз алады, өйткені осы сомадан салықтар мен аударымдар ұсталады. Екіншіден, статистика тек сандардың тілін, ал «атаулы» сөзі тек ақша қаражаттарына қолжетімді тауарлар мен қызметтердің баламасын емес, тек ақша баламасын ғана көрсетеді», – деп мәлімдеді ол.

Сондай-ақ оқыңыз