Жаңалықтар

Бишімбаевтың інісі Байжанов қайғылы оқиға болған күн туралы өз нұсқасын айтты

Байжанов
Байжанов сотта куәлік етіп, тараптардың сұрағына жауап берді/ Фото: Аскар Ахметуллин

Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министр Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. 11 сәуірде мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова қылмыстық іс материалын зерттеу бөлігін тәмамдады. Түстен кейін жалғасқан сот отырысында Бақытжан Байжанов сотта куәлік беріп, тараптардың сұрағына жауап берді.

Алайда түске дейін Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов судья Айжан Құлжанованы ауыстыруды сұрады. Қорғау тарапының талабына жауапты мына жерден оқуға болады.

Айыпталушы Бақытжан Байжанов – Бишімбаевтың алыс туысы. Ол соттағы сөзін марқұм Салтанат Нүкенованың туыстары мен өз отбасынан кешірім сұраудан бастады. Сондай-ақ қайғылы оқиға болған күн туралы өз нұсқасын айтты.

«Сол күні Салтанатты бірнеше рет көрдім, таңертең тек көздің қиығымен қарадым. Сол көзі ісіп кеткенін, залдың шашылып жатқанын, дәретхана есігінің сынғанын да байқадым. Таңертең «Гастроорталыққа» келген кезде Бишімбаевтың түнімен шу шығарғанын, ішімдік ішіп, Салтанатты тағы да ұрғанын білдім. Бұл туралы маған ол жерге бармай тұрып қызметкерлер хабарласып айтқан еді. Бірақ ол кезде жағдайдың осынша күрделі екенін білмедім, Салтанатқа қауіп төніп тұрғанын түсінбедім. Бұл ақталу емес, мен не болып жатқанын түсінбедім. Бұл менің кінәм, сол үшін өкінемін», – деді Бақытжан Байжанов.

Оның сөзінше, 9 қарашада орталықтың күзетшісі Байжановақа хабарласқан. Бишімбаев пен Нүкенованың мас екенін айтып, сол күйінде көлік рөліне отырмақ болғанын жеткізген. Алайда Байжанов күзетшіге көліктің кілтін алып қоюды, оларды сол күйінде жібермеуді тапсырған.

«Сағат сегізден кейін мейрамхананың әкімшісі Қарлығаш хабарласып, Бишімбаевтың түнімен шу шығарғанын айтты. Осылайша Қуандық пен Салтанаттың арасындағы жанжалды үйде отырып білдім. Бұл жанжалға таңқалмадым. Себебі екеуі бірге тұра бастағаннан арасындағы жанжалға үйреніп қалғанмын. Екеуінің ұрысына бірнеше рет куә болдым, бірнеше рет Салтанаттың денесі көгеріп жүргенін байқағанмын. Үйлеріне сынған жиһазды жөндеуге бірнеше рет ұсталарды жібергенмін», – дейді Байжанов.

Қайғылы оқиға болған күні таңертең Бишімбаев Байжановқа хабарласқан. Тез арада жетуін сұраған. Байжанов әңгіме небәрі он секундқа созылғанын айтты. «Гастроорталыққа» келген соң BAU мейрамханасы орналасқан екінші қабатқа көтерілген. Сол жерде бір залдың жарығы қосулы тұрғанын байқаған.

Байжановтың сөзінше, есікті қаққан кезде Бишімбаев ашқан, алайда залдың ішіне кіргізбеген.

«Ішіне кірейін деп едім, бірақ рұқсат бермеді. Бишімбаевтан ішімдіктің иісі шығып тұрды. Бір жейдемен жүр екен. Ішке қарағанымда Салтанаттың диванның жиегінде отырғанын көрдім. Оның үстінде бір киім ғана болды, ішінде ештеңе жоқ екенін байқадым. Бірден назарымды басқа жаққа аудардым. Сол кезде басы төмен түсіп тұрғандықтан, бетінің ісіп кеткенін байқамадым. Түрі көрінбеді», – дейді ол.

Сол кезде Бишімбаев көрпе әкелуді сұраған. Екі көрпені ішке кірместен Бишімбаевқа берген, есіктің жанында күткен. Содан кейін Бишімбаев үйіне қайтатынын айтып, Салтанатты көтеруге көмектесуін сұраған.

Алайда орталықтан шығып кете алмағандықтан, сол ғимараттың ішінде қалған. Байжанов жұмыс орнына барып, әдеттегі график бойынша жұмыс істегенін айтты. Алайда мейрамханаға бірнеше рет барған.

«(…) Бір уақытта Бишімбаев «мейрамхана не үшін әлі жұмыс істеп тұр?» деп айғайлады. Бұл мені таңқалдырды. Себебі ол бұған дейін мейрамхананы жабу туралы айтпаған еді. Оған әдеттегі график бойынша жұмыс істеп жатқанын айттым, ол жабуды, қызметкерлері таратуды талап етті. Бұл тапсырманы мейрамхананың әкімшісі Қарлығашқа айттым. Осы ретте Бишімбаев мейрамхананы не себепті жабу қажет екенін нақтыламады. Мен де сұрамадым», – дейді Байжанов.

Айтуынша, ол Бишімбаев берген тапсырманы мүлтіксіз орындап, ешқашан қарсы шықпаған.

Түскі уақыт кезінде Бишімбаев «Гастроорталықтағы» барлық видеоны өшіруді тапсырған. Іс материалдарын зерттеу барысында Бишімбаев пен Байжановтың сол күні бір-біріне жазған хаттары да оқылған еді. Ол хаттарда былай жазылған:

Бишімбаев: Камераның бәрін өшір.Түнде түсірілгеннің бәрін өшір.
Байжанов: Жақсы.
Бишімбаев: «Гастро» бойынша бәрін өшір.
Байжанов: Жақсы, бәрін өшіремін.
Бишімбаев: Қайтып кел. Оның (Салтанаттың – ред) телефонын табу керек.

Байжановтың айтуынша, осы видеоны өшіруді тапсырғанына байланысты оған «қылмысты жасыру» бабы бойынша айып тағылып отыр. Алайда ол айыптау актісінде өзіне қатысты айтылған бөлігі шындыққа жанаспайтынын жеткізді. Оның сөзінше, айыптау актісінде Байжановтың Нүкенованың қайтыс болғанын білгеннен кейін видеоны өшіргені айтылады. Ол Нүкенованы соңғы рет көргенінде тірі болғанын айтып отыр. Байжанов видеода не түсірілгенін де білмегенін айтып өтті.

«(…) Салтанат оянды ма деп сұрадым. Ол оянбай жатқанын айтты. Сол кезде жедел жәрдем шақыруды ұсындым. Бишімбаев келіспей, мүсәтір спиртін әкелуді тапсырды. Сол кезде қобалжи бастадым. Таныс дәрігерге хабарласып, «Салтанат неге ұзақ уақыттан бері ұйықтап жатыр?» деп сұрадым, жағдайды айттым. Мейрамханаға келуін сұрадым, бірақ ол мүмкіндігі жоқ екенін айтты. Жедел жәрдем шақыруға кеңес берді, ол жұмыс істейтін мекеменің жекеменшік жедел жәрдем көлігі барын айтты. Оның құны – 40 мың теңге. Бұл туралы Бишімбаевқа айттым, бірақ ол «Салтанат ұйықтап жатыр, күте тұрайық» деп айтты», – дейді ол.

Тараптардың сұрағына жауап беру барысында Байжанов өзіне Бишімбаевтың қысым көрсетіп жатқанын айтты.

«Бишімбаев маған «жедел жәрдемге бірге хабарластық деп айт» деді. «Айтпасаң сенің басыңа, баларыңның басына келсін деп қарғаймын» деді, – деп жеткізді Байжанов сотта.

Ол мұның сот залында емес, сот ғимаратына жеткізілген сәтте айтқанын нақтылады. Істі қарап жатқан судья Айжан Құлбаева бұдан басқа Бишімбаевтың тарапынан қысым болды ма деп сұрады. Байжанов тергеу изоляторында да мұндай жағдай болғанын айтты.

«Тергеу изоляторында анда-санда кездесіп жүрдік. Сол кезде «мен нашатырь беріп жатқанда қарап тұрдым деп айт» деді. Ал мен ол кезде сыртта қалған едім», – дейді Байжанов.

Еске сала кетсек, өткен жылдың 9 қарашасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталды.

2024 жылдың 8 қаңтарында аталған ісі бойынша тергеу аяқталғаны белгілі болды. Көп ұзамай, 11 қаңтарда астаналық сот оның қамауға алу мерзімі 9 наурызға дейін ұзартылғанын жария етті.

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі күдікті Қуандық Бишімбаевқа «Аса қатыгездікпен кісі өлтіру» бабымен қоса, «Азаптау» бабы бойынша да айып тағылғанын хабарлады. 2024 жылдың 26 ​​ақпанында Бишімбаевтың ісі сотқа жіберілді.