Су тасқыны егіс науқанына теріс әсер етпейді – АШМ

Жарияланды
Шығарушы редактор
kursiv.media

АШМ елдегі су тасқыны алдағы егіс  жұмыстарына теріс әсер етпейді деп мәлімдеді. Өйткені облыс әкімдіктерінің дерегі бойынша, жоспарланған егіс алаңдары су тасқынынан зардап шекпеген. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл туралы «Jańa Dala / Green Day» ақпараттық орталығының сауалына берген жауабында айтқан.

Ведомство мамандарының бағалауынша, топырақтағы ылғал қоры жеткілікті деңгейде. Бұған 2023 жылдың қыркүйегіндегі қатты жаңбыр мен қарлы қыс әсер еткен.

Егер егіс алқаптарын су басса, егін басқа жерге егіледі.

«Солтүстік аймақтарда қар жеткілікті болды және қатты аяздың алдын алды. Тиісінше, тоң қатпаған жер еріген суды жақсы сіңіреді және ылғал қорын арттырады. Сондай-ақ, күзде фермерлер ылғалды сақтап қалу, топырақтың ластануы, зиянкестер және түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары ауруларының қоздырғыштарымен күресу үшін сүдігер жыртты», – деп атап өтті министрлік.

Ал «Аграрлық кредиттік корпорациясы» мен «ҚазАгроҚаржыдан» несие алған фермелердің төлемі кейінге шегерілмек. Осы кезеңде несие төлеуді кешіктіргені үшін айыппұл мен өсімпұл есептелмейді. 2024 жылғы кесте бойынша бүкіл төлемді 2025 жылдан кейін төлеуге мүмкіндік беріледі.

Ал несие мерзімі аяқталуға шақ қалған фермерлерге қосымша 24 ай берілмек. Несиенің мерзімі ұзарту немесе қайта құрылымдау жөніндегі өтініштер астық жинау науқаны аяқталған соң қаралмақ. Ол үшін өтініш жазу және су тасқыны салдарынан зардап шеккендер тізіміне енуі шарт.

Бұған дейін АШМ су тасқыны кезінде қанша мал қырылғанын хабарлаған. Жедел дерек бойынша өлген мал саны 8,1 мың бас. Оның ішінде ұсақ мал – 6 мың, ірі қара – 1,5 мың, жылқы – 514 басқа жеткен. 88 мың бас мал қауіпсіз аумаққа айдалған.

Алайда мал басына төленетін қаражат әлі бекітілмеген. Өтемақы әр малдың нарықтық құнын анықтай отырып есептелмек.  Одан бөлек, үкімет тасқын судан зардап шеккендерге өтемақы беру алгоритмін әзірледі. 

Сондай-ақ оқыңыз