Ресей соты Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің балаларына қатысы бар зауыттың есепшотына шектеу қойды

Жарияланды
Шығарушы редактор
Ресей соты қазақстандық компанияның есепшотына шектеу қойды. Фото: shutterstock.com

Ресей соты Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің балаларына 20 пайыз үлесі тиесілі компанияның есепшотындағы қаржыға шектеу қойды. «Новокузнецк тау-кен компаниясы» Кемерово облысының сотына «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» (НДФЗ) ЖШС-нан қарызын өндіріп алу талабымен жүгінген.

kommersant.ru сайтының жазуынша, Кемерово облысының арбитраждық соты арызданушының талабын қанағаттардырып, зауыттың 2 банктегі қаражатына арест қойған. 709,56 млн рубль болатын қаржының 196,33 млн рубльі – «Қазақстан Халық Банкінде», ал 513,23 миллион рубльі «Москоммерцбанктегі» есепшотта жатқан. Бұл 11 сәуірдегі валюта бағамы бойынша 3,44 млрд теңгеге тең.

Сот материалдарында аталған талап бойынша алдын ала тыңдау 22 сәуір мен 29 мамырға белгіленгені жазылған. Қазақстандық серіктес Тау-кен компаниясы алдындағы қарызын өтемегендіктен, арызданушы сот арқылы өндіріп алмақ.

«Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» – сары фосфор және құрамында фосфоры бар өнімдерді өндіруге маманданған химия зауыты. egov.kz сайтының мәліметінше, зауыт KAZ Chemicals компаниясына тиесілі. Бұл компания өз кезегінде Kazakhmys Resources B.V және Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлдары – Нұрхан мен Нұржан Нұрлановтардың иелігінде.

Қаржы есептілігі депозитариіндегі 2022 жыл үшін жарияланған есебінде KAZ Chemicals компаниясының 80% үлесі Kazakhmys Resources-ке тиесілі екені жазылған. Ал Нұрхан мен Нұржан Нұрлановтар әрқайсысы компания акциясының 10 пайызын иеленеді. Kazakhmys Resources B.V компаниясының түпкі иесінің бірі – олигарх Владимир Ким екені белгілі.

Бұл зауытқа қатысты Ресейде жүргізіліп жатқан бірінші сот ісі емес. Кемерово облысының арбитраждық соты бұған дейін де «НДФЗ» ЖШС есепшотына шектеу қойған.

Ол кезде «Батыс Сібір электрометаллургия зауыты» сотқа «НДФЗ» ЖШС-нан 158,8 млн рубль қарызын өндіру туралы талап-арызбен жүгінген. Сот электрометаллургия зауытының шағымын қанағаттандырған.

Айта кетейік, былтырғы тамызда Жамбыл облысындағы зауытта жарылыс болған еді. Жарылыс салдарынан екі жұмысшы зардап шекті. 

Сондай-ақ оқыңыз