Бишімбаевтың қорғаушысы істі қарап жатқан судьяны ауыстырғысы келеді

Жарияланды
Бишімбаевтың қорғаушысы істі қарап жатқан судьяны ауыстырғысы келеді / коллаж kursiv.media

Азаматтық некедегі жұбайын өлтірді деген күдікпен сотталып жатқан бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қорғаушысы сот ісін қарап жатқан судьяны өзгерту туралы өтініш берді.

Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Қасымжанов судья Айжан Құлбаеваның істі әрі қарай қарауына қарсылық білдірді. Сот отырысы уақытша тоқтатылып, алқа билер сот залынан үзіліске шықты. Жоғарғы соттың Youtube арнасындағы трансляция тоқтатылды.

10 сәуірдегі сот отырысында қылмыстық іс бойынша куәгерлер – Нүкенованың құрбысы Аида Ахмедина мен Нүкенованың көмекшісі болған Анар Тасова қатысты. Анар Тасова сотта Нүкенова мен Бишімбаевтың қалай танысқанын айтып берген.

«Сотталушы Бишімбаев 2022 жылдың 4 маусымында консультация алуға жазылды. Мен Салтанаттың ер адамдарды онлайн форматта да қабылдамайтынын айттым. Содан кейін Камила есімді қыз жазылып, кездесуге ер адаммен бірге келетінін айтты. Салтанат екеуміз қыз бен жігіт екен деп ойладық. Оларды консультацияға жаздым. Екі аптадан кейін Салтанат Камиланың ер адаммен танысуға көндіруге тырысқанын айтты. «Ол бұрын үйленген екен, қазынаны тонаған, онымен танысқым келмейді» деп айтты. Кейіннен әлеуметтік желі арқылы Салтанаттың тұрмысқа шыққалы жатқанын білдім. Хабарласып, құттықтадым. Тұрмысқа шыққалы жатқан адамның консультацияға жазылғысы келген Қуандық екенін айтты. Желтоқсанда Қуандықтың Шымкентен екенін білдім. Салтанатпен сөйлесіп, енді оның Шымкентке жиі келетінін білдім. Маған ұнамағаны – ол әлеуметтік желідегі парақшалардың құпиясөзін ауыстырғаны. Себебі оның алдында көмекшісі ретінде әлеуметтік желідегі парақшалар маған жолжетімді еді», – дейді куәгер Тасова.

9 сәуірдегі сот отырысына Салтанат Нүкенованың мәйітіне сараптама жүргізген сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров қатысты. Ол манекенде марқұм алған жарақаттарды белгілеп, алқабилерге оның әсерін түсіндірді.

«Барлығы белгіленген. Бәрі бірге бас жарақаты саналады. Оған бас та, бас сүйегі де кіреді. Көк түспен қанталау, қызыл түспен жарақат белгіленген. Сарапшы қорытындысында бас-ми жарақатының құрамдас бөліктерін көрсету арқылы сот-медициналық диагноз қойылды. Оған қанталау, жарақаттың бәрі кірді. Барлық зақым мидың зақымдалуына әкелетін сыртқы әрекет ретінде қарастырылады. Сондықтан бастапқы сараптама қорытындысындағы судбуральды гематома түріндегі сыртқы және бас сүйек ішіндегі барлық зақымдану – қатты қабық пен ми арасында қан кету. Жұмсақ қабықтың астына қан кету мишықта, мидың бағаналы бөлігінде анықталды. Мұның бәрін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды, яғни осы жарақаттың барлығы өлімге себеп болған», – деді сот-медициналық сарапшы.

2023 жылы 9 қарашада Bau мейрамханасында экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен ұсталды.

9 қаңтарда Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы адвокат Жанна Оразбахова Instagram парақшасына жазған болатын.

Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесі 11 наурызда басталды. Бишімбаевқа қылмыстық кодекстік 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша және 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген қылмыстық әрекетті жасады деген айып тағылған. Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді. Сот алқабилерінің қатысуымен өтіп жатыр.

Ал 1 сәуірде экс-министр қылмыстық кодекстің 110-бабы («қинау») негізінде қорғау тарапының сұрағына жауап берген еді. 3 сәуірде өтіп жатқан сот отырысында қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі («аса қатыгездікпен адам өлтіру») негізінде сұрақтарға жауап берді. 4 сәуірдегі сот отырысында сотталушы айыптау тарапының сұрақтарына жауап берген. 

Сондай-ақ оқыңыз