Жаңалықтар

Қытай қалаларының басшылары тұрғын үй алу саясатын жеңілдетіп келеді

Қытай қалаларының басшылары тұрғын үй алу саясатын жеңілдетіп келеді / REUTERS/Aly Song

Қытайдың жергілікті өзін-өзі басқару органдары тұрғын үй нарығындағы ережелерді жеңілдету шараларын жалғастыруда. Себебі үйлердің ұзақ уақыт бойы сатылымда тұруы құрылыс компанияларына кері әсер етуде.

Bloomberg ақпаратына сүйенсек, елдегі 15 қалада 11 сәуірден бастап ипотека мөлшерлемесінің төменгі шегі алынып тасталды. Бұл бағаны төмендетіп қана қоймай, үй сатып алу мүмкіндігі жоқ азаматтарға ипотека жасауға жеңілдік болмақ.

Төрт қала тұрғын үйге кепілдік беру қорының несие саясатын жеңілдетті. Бейжің несие квотасын 400 000 юаньға (55 000 доллар) арттырса, ал Гуанчжоудың Оңтүстік сауда орталығы 200 000 юаньға арттырды. 

Бұл қадамдар құрылыс компанияларының инвесторларына да қолдау көрсетуге бағытталған. Себебі компаниялардың акциялары осы жылдың өзінде 28% төмендеген.

Наурызда Қытайда тұрғын үй саудасы төмендеуі ұзаққа созылған. Әдетте елде, керісінше, көктем мезгілінде нарықта қарбалас болып, сауда жақсы жүріп келген. Қытай қалаларының басшылары осы көктемгі қарбаласты күткен. Алайда жылдағыдай сұраныс көп болмағандықтан, нарыққа қолдау көрсететін шараларды қолға алған.

Осыған дейін Гонконг сотының шешімі әлемдегі ірі құрылыс компанияларының бірі China Evergrande-ні жауып тынуы мүмкін екенін жазған едік.

240 млрд доллар активі бар China Evergrande компаниясының жабылуы Қытайдағы жылжымайтын мүлік нарығына айтарлықтай өзгеріс алып келеді. Сарапшылар алдағы уақытта тұрғын үй бағасы күрт құбылуы мүмкін деп болжап отыр. Инвесторлар мен тұтынушылардың сенімін жоғалтқан жағдайда Қытай экономикасы тежеліп қалатынын да баса айтып жатыр.

Тамызда The New York Times ҚХР-дағы жылжымайтын мүлік саласының жай-күйіне талдау жариялады. Елдегі ірі компаниялардың бірі Country Garden қарыз төлемдерін төлеу уақытын кешіктіргендіктен, дефолт шегінде тұрғанын жазған. Компания I жартыжылдықтың қорытындысы бойынша $7,6 млрд шығын болады деп күтеді.

Мұның бәрі 3 жыл бұрын қытай билігінің құрылыс компанияларының қауіпті іскерлік мінез-құлқымен күресуінен басталды. Содан кейін көптеген құрылыс салушы кәсіпорындар алдыңғы несиелерді өтеу үшін қарыз алды. Мемлекеттік реттеу қатаңдатылғаннан кейін тұрғын үй құрылысының өсу қарқыны баяулады. Өйткені нарыққа арзан ақша түсуді тоқтатты.