Жаңалықтар

Мамырдағы мерекелерге байланысты демалыс күндері ауыстырылады

Мамырда қатарынан үш күн демалыс болады / Фото: shutterstock

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «2024 жылы демалыс күнін ауыстыру туралы» бұйрық дайындады. Тиісті бұйрық «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

«2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 85-бабының 3-тармағына сәйкес жұмыс уақытын ұтымды пайдалану мақсатында демалыс күні 2024 жылғы 4 мамыр сенбіден 2024 жылғы 8 мамыр сәрсенбіге ауыстырылсын», – деп жазылған құжатта.

Құжат 25 сәуірге дейін «Ашық НҚА» сайтында орналастырылған.

Тиісті бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Осылайша, қазақстандықтар үш күн қатарынан, яғни 2024 жылдың 7, 8 және 9 мамыр күндері демалады. 7 мамырда Отан қорғаушылар күнін және 9 мамырда Жеңіс күнін атап өтеді.

1 мамырда қазақстандықтар Қазақстан халқының бірлігі мерекесін тойлайды. Ал 4 мамыр жұмыс күні болады.

Еске сала кетсек, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 8 жаңа кәсіби мереке бекітуді жоспарлап отыр. Ведомство басшысы бұйрығының жобасы дайындалып, «Ашық НҚА» порталында орналастырылды

2024 жылы 366 күн бар. 249 жұмыс күні мен 117 демалыс күні болады. Ең көп демалыс наурызда, ең азы сәуір айында.