Eurovision ән байқауының ұйымдастырушылары кеше байқауға Израильдің қатысуына байланысты әртістерді қудалау мен оларға қысым көрсету әділ емес деген мәлімдеме жасады. Байқау ұйымдастырушысы – Еуропа хабар тарату одағы (ЕВU) байқау көрермендерін Eurovision-нің барлық қатысушысына тең қарап, әсіресе Израиль атынан шығатын Эден Голанға сыйластық танытуға шақырды.
Биыл байқау мамырда Швецияда өтеді. Былтыр Ливерпульдегі байқауда Лорин атты швециялық әнші байқауда жеңіске жетіп, екінші трофейіне, ал Швеция шоу өткізу кезегіне қол жеткізген еді. Байқау Мальма қаласында болады.
Израильдік әнші Эден Голанды өлтіреміз деп қорқытып, хат жолдағандар қарасы көп екен. 20 жастағы әнші Walla Celebs сайтына берген сұхбатында Instagram желісіндегі парақшасына хаттар күн сайын келіп жатқанын хабарлаған. «Иерусалим Пост» газетінің жазуынша, әнші Швециядағы Мальма қаласына әдеттегіден 3 есе көп күзетшімен барады.
Ал Еуропа хабар тарату одағы әлемдегі геосаяси жағдаймен қатар өтетін іс-шараның қатысушыларға осындай келеңсіздік әкелгені үшін кешірім сұрады.
«Сөз бостандығы мен әркім ойын еркін айтуға құқылы деген принципті ұстансақ та, қатысушыларымыз бен байқауға қатысы бар азаматтарға онлайн қысым көрсетіліп, қудалануына жол бермейміз», – деді ұйымдастырушылар.
ЕВU бас директорының орынбасары Жан Филип Де Тендер байқауға Изриальдің қатысуына рұқсат беру әртістердің емес ЕВU басшылығының шешімі екенін тағы бір еске салды.
«Барлығын конструктив диалог пен қатысушыларды қолдауға шақырамыз. Әншілер өз шығармашылығын әлеммен бөлісу үшін барын салып дайындалып жатыр. Израильдің қатысуына байланысты наразылықтың көп екенін, шара қолдану туралы талаптардың барлығын естідік. 2022 жылы Ресейдің Украинаға шабуыл жасағанынан кейін ресейлік телекомпанияны байқаудан алыстатқанымыз есімізде. Мәселеге тоқталсақ, одақ мүшелігінің талаптарын жиі бұзып, қоғамдық қызметтің міндеттері мен құндылығына нұқсан келтіргені үшін одақтан шығарылған болатын. Конфликт пен соғысты салыстыру қиын, біз саяси емес медиа ұйым болғандықтан оған баға беру де міндетімізге жатпайды», – деді Де Тендер.
Израильдің «Кан» қоғамдық арнасы ЕВU мүшесі саналады, сондықтан байқауға қатысуға толық құқығы бар. Көпшіліктің шоуды тоқтату туралы наразылығына ЕВU «байқау үкіметтер арасындағы жарыс емес» деген мәлімдеме жасады. Дегенмен ЕВU Голанның «Қазандағы жаңбыр» (October Rain) әнінін сөзін өзгертуді талап етті. Өйткені әннің түпнұсқасында саяси контекст көп. Алғашқы нұсқада 7 қазанда Хамастың Израильге жасаған шабуылын, сол оқиғада қаза тапқан марқұмдарды еске алу туралы көп айтылады. «Кан» арнасы әуел баста өзгертуге қарсы шығып, одан да байқауға қатыспаған дұрыс деген пікірін айтты. Бірақ Израиль президенті Исаак Херцог мемлекет атынан қатысуы үшін әнді өзгерту талабын қабылдады.
Енді «Дауыл» деп өзгертілген фортепианолық драмалық баллада букмекерлер арасында байқау үздіктері тізімінде 9-орында тұр. Швеция полициясы Мальмада өтуі мүмкін бірқатар протестерге алдын ала дайындалып жатыр. Ал байқауға қатысатын 9 әнші Газадағы соғысты дереу тоқтату керек деген үндеу жасады.
Британиялық Олли Александр, ирландиялық Бамби Таг, Дания атынан қатысатын Саба және тағы бірнеше қатысушы өтініш жазып, музыканттардың шоуға байкот жасау туралы үндеуіне қарсылық танытты.
«Музыканың әртүрлі жүректі біріктіріп, бірін бірін тыңдауға, байланысқа бастайтын күшіне сенеміз», – деп жазады әншілер.
Дегенмен ұйымдастырушылар жауабына қанағаттанбай, байқаумен байланысудан бас тартқан адам бар. Ол –байқаудың бұрыннан келе жатқан исландиялық комментаторы Гисли Мартейнн. Тележүргізуші, саясаткер Eurovision байқауының бұған дейінгі 15 шығарылымын басқарған. Биылғы байқауға ат салыспайтыны туралы шешімін Instagram-да хабарлап, себебін ұйымдастырушылардың Газадағы жағдайға бей-жай қарайтынымен байланыстырған.
«Eurovision мен үшін атмосфера, қуаныш еді, бірақ биылғы шоуда ешқайсысын сезініп отырғаным жоқ”, – деп жазған.
Жоғарыда атап өткен Израильдік «Кан» қоғамдық телекомпаниясы Еуропа хабар тарату одағына 1957 жылы мүше ретінде қабылданған. Содан бері Израиль Eurovision байқауына 45 рет қатысқан. 1978 жылы Парижде, 1979 жылы Иерусалимде, 1998 жылы Бирмингемде, 2018 жылы Лиссабонда өткен байқауларда Израиль 1-орын иемденген.
Жалпы, Eurovision-ді саяси провокациялар алаңы ретінде қолданған жағдайлар аз емес. Мысалы, 2016 жылы Украина атынан қатысқан Сусана Джамаладинова (Джамала) Сталин заманындағы қырым татарларының депортациясы туралы «1944» деп аталатын әнді орындап, көпшіліктің талқысына түсті. Ресей Федерациясы Украина жеңісін мойындамай, дауыстарды арнайы боттар көмегімен айналдырып алды деген айып тақты.